«Азат» шағынауданындағы үйлер апатты деп танылып, 3 отбасы баспанасыз қалды. Айдың күннің аманында далада қалған ел болған жағдайға су арнасының басшылығын кінәлайды. Сөздерінше үй су құбырының жарылуынан жарамсыз күйге жеткен. Ал, ондағылар айыпты жолаушылар басқарамасына тағып отыр.

Күлзайнат Байғозиева 6 жыл бұрын салынған үйінен түсініксіз құбылыстарды 6 ай бұрын байқаған. Алдымен үй сыртындағы қоршау қисайса, кейін үй ішіндегі есік терезелер сықырлай бастаған. Ал, соңында тіпті қабырғалар қақырап, тұрғындарға төтенше жағдай қызметкерлерін шақыруға тура келіпті.

«Алдымен есік терезелер жабылмай, кейін едендер төмен түсе бастады. Кейін қабырғалар жарылып, ол үлкейе бастады. Соңында балам төтенше жағдай қызметкерлерін шақырды» дейді Күлзайнат Байғозиева.

Төтенше жағдай қызметкерлері тексере келе үйдің бүлінуіне астына кеткен су себеп деген түйін жасаған. Ол ылғал ауыз су құбырындағы ақаудан аққан. «Азат» шағын ауданындағы әзірге 2 үйде осындай жағдай тіркелгенін айтады. Бірі жарамсыз деп танылса, екіншісінде әлі де тұрғындар бар. Алдын ала болжам бойынша айтып келмеген апат су құбырының жарылуынан орын алған.

Зарипа Тұрысбекова, Шымкент қаласы төтенше жағдай қызметінің баспасөз хатшысы: «Су мөлшері көп кеткендіктен апатты жағдай орын алған. Көзбен шолу жұмыстарын жүргізген.  Екі үйде жарылыс болғаны анықталған».

Ал, су ресурстар маркетингінің бұл тоқтамға өз айтары бар екен. Сөздерінше, елдің баспанасыз қалуына олардың еш кінәсі жоқ. 50 жылға жарамды құбыр салдық деген жауаптылар оның жарылуын күтпепті. Енді айыпты құдық үстінен жол салған басқармаға тағып отыр.

Бауыржан Ділдәбеков, Шымкент қаласы су құбыры және канализация басқармасы басшысының орынбасары: «Біздің мекеме кінәлі емес. Жол басқармасы жол салу кезінде құрылыс ережелерін сақтамағандығы, құдықшалардың асфальт астында қалып кеткендігі туралы мердігер мекеме бірнеше рет хат жолдаған, қала әкіміне де хат жазылған. Сол хаттарға жауапкершіліксіз қарап, осындай жұмыстарды әлі де істеп келе жатыр. Соның алдын алу керек еді. Қазіргі апатқа әкеліп отырған сол кісілердің салғырттығы».

Ал, жолаушылар басқармасының жауапты маманы өз істерінен ілік көрмейді. Керісінше, су құбырын жол бойында салудың заңсыз екенін алға тартады.

Жауаптылар кінәліні іздеп жүргенде, тұрғындар апаттың үшінші үйге жетіп үлгергенін айтады. Әзірге мұнда комиссия мүшелері тексеру жұмыстарын жүргізуде. Ал, кінәліні анықтағанша азаттықтарға үрей құшағында өмір сүруге тура келеді.

Назерке Үкібасова