Алтын мен ақша ұрлаған күдіктілер қолға түсті

177

Төлеби АПБ-не бірнеше жергілікті тұрғын арызданады. Тұрғынның біреуі белгісіз тұлға үйіне заңсыз кіріп, 200 000 теңгелік теледидарын ұрлап кеткенін айтса, екінші тұрғын алтын бұйымдарын белгісіз біреулер жымқырып кеткенін көрсеткен.

Ал, үшінші тұрғын үйіне ақшасын таппай қалғанын жеткізген. Аталған жайттар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелген. Орын алған пәтер ұрлығының ізін суытпай ашу мақсатында аудандық полицейлер шұғыл іске кіріседі.

Тәжірибелі полицейлерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, іздестіру жұмыстары жүргізілді. Осы орайда арадан 2 күн өткеннен соң, тағы 2 тұрғын арызданып, теледидар мен алтын бұйымдары жоғалғаны жөнінде шағым түсіреді. Барлық жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 1 миллионға жуық теңгені құрады. Полицейлер іздестіру жұмыстарын жалғастырып, жақын аймақтарды аралап шығып, куәгерлерден сұрастырды. Нәтижесінде ақпарат көздері арқылы күдікті ретінде Түлкібас ауданының тұрғындарын ұстады.

Тергеу барысында полицейлер күдіктілердің тұрғын-үйлерге терезе арқылы кіріп, жымысқы ойларын іске асырғандығын айқындады. Ұрылар ұрланған заттарды сатып жіберіп, ақшасын өз қажеттіліктеріне пайдаланған. Және ұсталған екі күдікті Түлкібас ауданында бір көшеде тұратын көршілер болып шықты. Күдіктілер өз кінәларын толық мойындаған. Қазіргі таңда ұсталғандардың басқа да істерге қатыстылығы тексерілуде. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері азаматтарға үй ұрыларынан сақ болу үшін қажетті деп танылған іс-шараларды мүмкіндігінше толық іске асыруға кеңес береді. Яғни аулаларыңызға бейнебақылау камераларын, дабылқаққыштарды орнатып, жарықтандырып, терезелеріңізге темір тор жасатып, есіктеріңізге мықты құлыптар істетіңіздер. Ал, егер үйіңізге ұры түсіп немесе осындай қылмыстың куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер.