Түркістан облысының полицейлері ай сайын өздерінің тараптарынан қаржы жинап, аз қамтылған және жағдайы төмен, көпбалалы отбасы мен жалғызілікті аналарға көмек қолын созып келеді. Сонымен қатар ата-ана қамқорлығынсыз қалған, жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де дәстүрлі түрде жақысылық пен сый-сияпат жасауды әдетке айналдырған.
Ауқаттылар мен ақшасын қайда жаратарын білмей жүргендерге үлгі болатын мұндай іс-шаралар тәртіп сақшылары тарапынан ешқашан назардан тыс қалған емес.
Бұл жолы материалдық көмек көрсету шарасын Арыс аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция бөлімшесінің қызметкерлері жасады. Олар бірауыздан жұдырықтай жұмылып, өз қаражаттарына бүтін бір отбасыға қажетті азық-түліктің түр-түрін алып, игілікті іс атқарды. Өздерінің «Мейірім» атты жақсылық жасау акциялары аясында азық-түліктен бөлек, қаржылай көмек пен мектепте оқитын балаларына қажетті канцелярлық заттар да табысталды. Көмек көрсетілген отбасы отағасының күнделікті жекеменшік автотұраққа қарап, тазалап, нәпақасын тауып балаларын асырап жүрген жайы бар. Ал отанасы болса үй шаруасында.
Өз кезегінде тұрмысы төмен отбасының отағасы ауданның тәртіп сақшыларының қайырымды іс-әрекеттеріне алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Осындай, көпке үлгі боларлық шараларды үнемі ұйымдастырып, балалардың жүзіне сәл де болса күлкі ұялатып, қуаныш сыйласақ – бұл біздің бірлігіміздің бекемдігі болмақ! Сондықтан бір-бірімізге қолдан келгенше көмек қолын созып, баға жетпес алғысқа бөлене берейік! Еліміз бақуатты, жұртымыз аман, бейбіт заман болсын!