Жиналғандардың алды “Асар-2” шағынауданында 10 жылдан бері тұрады. Содан бері не ауыз су, не жарық, не көгілдір отынға жарымай келеді. Өркениеттен қалыс қалған елге тіпті тегіс жол мен қоғамдық көлік те бұйырмаған.
«Көшені екіге бөліп қойған. Сонда арғы жақтағы халыққа бар да, мына жақ өкіметке қарамайды ма сонда? Балаларымыз қазір 3-4 ауысыммен оқиды. Халық қиналып жатыр. Автобус жүргізушілеріне айтсақ “көшелеріңіз лай” кірмейміз деп азар да безер болады. Қалтамыздан 15 мың теңгеден жинап тас төседік» дейді ашынған тұрғындар.
Тіпті, бұл ауданның тұрғындары тұрмыстық техниканы ай сайын жаңартатынын айтады. Ақшасы көптіктен емес. Жекенің қолындағы электр желісінің кернеуінің құбылуынан үйдегі техникалар күйіп кетеді. Жүйкесі жұқарған жұрт мұның барлығын әкімдікке де талай айтқан.
Рахматулла Бердібеков, қала тұрғыны: «Ешқайсысы ойламайды халықты. Газ, жарық, су өкіметтікі болу керек қой. Барлығы жекеге беріп қойған. Жекелер білгендерін істеп отыр. Ешқандай бақылау жоқ. Әкімдікке бара бергеннен шаршадық».
Ал, тіршілік нәрін жұртшылық апта сайын келетін су тасығыш көліктен алады екен. Және жиналған суды келесі жұмаға дейін жеткізуден басқа амал жоқ. Бірақ оның соңы көбіне ауруханамен аяқталады, дейді тұрғындар. Ал, әкімдіктегілер бұл жағдайдан бейхабар емес екен.
Жылдар бойы сабыр сақтап келген “Асар-2” шағынауданы тұрғындарына тағы 1 жыл шыдауға тура келеді. Бұл ауданға мемлекет есебінен ауыз су мен жарық келесі жылы жеткізіледі дейді жауаптылар. Одан соң жол салынып, қоғамдық көлікпен де қамтымақ. Ал, көгілдір отынның мәселесі алдағы 5 жылдың еншісінде.
Назерке Үкібасова