«Заң керуені»: Бірде бір арыз қараусыз қалмайды

171

Бас прокуратураның бастамасымен республика көлемінде «Заң керуені» акциясы өтуде. Шымкент қалалық прокуратурасы құзырлы органдармен бірлесіп шаһардағы 4 ауданда ұйымдастырған іс шарада тұрғындар көкейінде жүрген мәселелерін қоюға мүмкіндік алды. Абай ауданына қарасты Жаңа талап шағынауданында өткен іс шараға арнамыздың түсіру тобы да қатысып қайтқан болатын.

Жаңаталап шағынауданындағы екі қабатты үйлердің бір топ тұрғындары баспанаға жаңғырту жұмыстарын жүргізген мердігерлерге наразы. 2019 жылы тамызда басталған құрылыс барысында үйдің шатыры жаңаланған. Ал қазір, жауын жауса төбеден су ағады, қалай болса солай жасалған мұндай «модернизацияға» ақша төлеуден бас тартамыз дейді шағымдарын «Заң керуені» акциясы барысында прокуратура қызметкерлеріне жүгінген жаңаталаптықтар.

Гүлжан Исабекова, Жаңаталап шағынауданының тұрғыны: «Осындай акциялар керек. Адамдардың шағымын естіп, келгендері дұрыс болды. Мәселеміз шешілетініне сенім бар. Өйткені соншама қызметкерлер келіп отыр».

Бас прокуратураның бастамасымен ұйымдастырылған «Заң керуені» акциясына арызданған азаматтардың шағымдары қараусыз қалмайды. Тиісінше хаттама түзіледі, жұмыс жүргізіледі, дейді мамандар.

Жасұлан Әділбайұлы, Абай ауданының прокуроры: «Арыздар бойынша тексеру, зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Қорытындысы  бойынша арызданушыға жауап беріліп, хабардар етіледі. Ұзақ мерзімді қажет ететін  мәселелер, мысалы  инфрақұрылым, жер мәселелері бойынша қала әкіміне түзілген хаттамалар табыс етіледі. Олар бойынша шешім қабылданады, біздің бақылауымызда болады».

«Заң керуені» акциясы Шымкент қаласындағы өзге аудандарда да өтуде. «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет», «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі жобаларын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған іс шара бұқараны толғандыратын мәселелерді анықтап дер кезінде шешуге мүмкіндік береді дейді ұйымдастырушылар.
Нұржан Сейдалиев, Шымкент қаласы прокурорының бірінші орынбасары: «1-4 қараша аралығында «Заң керуені» акциясы шаһардағы төрт ауданда да ұйымдастырылады. Онда көтерілген мәселелер, арыз-шағымдар бойынша құзырлы органдар өз өкілетттігі бойынша  жұмыс атқарады. Және акцияның қорытындысы бойынша құжат  дайындалады. Бірде бір арыз қараусыз қалмайды, прокуратураның  қадағалауында болады».

Жауаптылардың пайымдауынша арыздардың басым бөлігі жер учаскелерін рәсімдеу, заңдастыруға және инфрақұрылымды жетілдіруге қатысты. Шара барысында тұрғындарға кеңес беріліп, заңды құқықтары түсіндірілді. Өз кезегінде тұрғындар өтініштерін дер кезінде қолға алғаны үшін алғыстарын  білдіріп, мұндай халыққа пайдалы  шаралар жиі болса деген тілектерін жеткізді.