ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімді ратификациялау Қазақстанда қызмет көрсететін банктердің проценттік мөлшерлемесін төмендетуге алып келеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін талқылаған келісім аясында нарықтағы кедергілерді жою туралы қадамдар қарастырылған. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті дамытуға және банктік сектор тарапынан сервисті жақсартуға жағдай жасайды. Нарықтағы қатысушылар алаңының кеңеюі алдағы уақытта тарифтердің, комиссия талаптарының және проценттік ставкалардың төмендеуін білдіреді», — деді Ерболат Досаев Мәжілісте тілшілер сауалына жауап бере отырып. Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. «Ортақ қаржы нарығын құру банк, сақтандыру секторында және бағалы қағаздар нарығындағы қызмет көрсету секторында лицензияларды өзара тануды, қаржы нарықтарына кемсітушіліксіз кіруді қамтамасыз етуді, мемлекеттік реттеуді жетілдіруді және қаржы нарықтарында бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруды көздейді», — деді ҚР Ұлттық банк төрағасы.