Шымкенттің кәсіпкерлік әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Шаһарда кәсіпке бет бұрғандар көбейді. Олар қаланың қазынасын толықтырып қана қоймай, тауарлар мен қызметтердің түрін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мұрындық болып отыр. Мегаполистің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуда кәсіпкерлерге көмектесетін орталықтар бар. Соның бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры». Кәсіп бастамақ болған азаматтар мен бизнесін ұлғайтуды жоспарланғандарға қор тарапынан 3 түрлі қолдау бар. Соның негізгісі — «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы.
9 АЙДА 50 КӘСІПКЕР ҚОЛДАУ ТАПҚАН
«Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қаласы бойынша аймақтық филиалының директоры Алмас Тастановтың айтуынша, елімізде экономиканы тұрақтандырудың негізгі бағыты ретінде кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетіліп жатыр.
– Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында қор 3 түрлі бағдарламаны жүзеге асыруда. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы соның бірі. Үш бағыттан тұратын бұл бағдарламаның негізгі мақсаты — қалалалар мен ауылдарды қамти отырып кәсіпкерліктің қанатын кеңейту болып табылады. Осы мақсатта биылдың 9 айында «Даму» қорына жаңадан келіп түскен 50 өтініштің 43-і мақұлданды. Бұл дегеніміз 7 088,1 млн. теңге. Осы жаңа жобаның 37-сіне «Даму» қоры кепілдеме берген, — дейді филиал директоры Алмас Тастанов.
«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасымен несиеге қол жеткізіп, кепілдеме алғандардың бірі – Владимир Коротков. «Phyto-Apipharm» ЖШС иесі. 2005 жылы құрылған кәспорын халықтың денсаулығын жақсарту және жастық шақты ұзартуға бағытталатын емдік дәрілер мен қоспаларды шығарады. Бүгінде серпінді дамып, қанатын кеңге жайған компания өндірісін кеңейту мақсатында «Даму» қорына жүгініпті.
Қожайынның сөзінше, осылайша олар 8,5 пайызбен 5 жылға несие алады. Банк алдындағы кепілдемесінің 20 пайызын «Даму» қоры берген. Осылайша ол өз өндірісін кеңейтуге мүмкіндік алыпты. Дәлірегі жаңа ғимарат, құрылғы сатып алған. Сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыруға жұмсаған. Қазір, заттарын ТМД және алыс-жақын шетелге де импорттамақ.
ҚАРАПАЙЫМ ЗАТТАР ЭКОНОМИКАСЫ
Ал аяқ-киім өндірісімен айналыса-тын шымкенттік «Lux Shose» БК» ЖШС «қарапайым заттар экономикасы» (басымдық берілген жобаларды несиелендіру) мемлекеттік бағдарламасының алғашқы қатысушысы. 2019 жылдың басында іске қосылған бұл жоба күнделікті тұтынуға арналған азық-түлік өнімдері мен өндірістік тауарларды өндіретін жергілікті компанияларды жеңілдікпен несиелеуге бағытталған.
Алмас Тастановтың сөзінше, жергілікті кәсіпорындарды қаржылық қолдауды күшейту мақсатында 600 млрд теңге бөлініп отыр, оның 200 млрд теңгесі – агроөнеркәсіп саласын іске қосуға, қалған 400 млрд теңгесі қайта өңдену кәсібіне жұмсалмақ. Ал Шымшаһарда биыл 770,0 млн теңгені құрайтын 4 жоба аталған несиеге қол жеткізді. Ерлердің аяқ киімін шығаратын «Lux Shose» БК ЖШС-гі соның бірі. Аталған компания алған несиесіне Италиядан арнайы аппарат сатып алған. Енді олар аяқ-киім табанын шетелден алдыртпайды. Өздері жасайды. Сәйкесінше, жылына 60 мың жұп былғары аяқ-киім шығаратын фабрика өзінің өрісін кеңейтіп отыр.
6% ШАҒЫН НЕСИЕ БЕРЕДІ
Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған тағы бір бағдарлама — нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы. Бұл бағдарлама арқылы бизнес-жоспарды іске асыру үшін «Даму» қорының кепіл беруімен жылына 6 пайызбен 20 млн теңгеге дейін шағын несие алуға болады. Шілде айында аталмыш бағдарламаға 618,0 млн теңге бөлінді.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының міндеттері:
– Еңбек нарығының қажеттілігін есепке ала отырып техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау.
– Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді кәсіптік оқу.
– Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту.
— Ауылда және қалада микрокредит беруді кеңейту.
— Жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу.
— Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру.
— Жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң құру.
Бағдарламаны іске асыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылмақ:
– Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету;
– Жаппай кәсіпкерлікті дамыту;
– Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту.
Бағдарламаға 29 жасқа дейінгі жастар, жұмыссыздар және өзін өзі жұмыспен қамтушылар қатыса алады.
Кредитті/микрокредитті беру шарттары:
– кредит/микрокредит мерзімі — 5 жылға дейін, (мал шаруашылығы және ауыл шаруашылық кооперативтерін құру саласындағы жобалар үшін — 7 жылға дейін);
– кредиттің/микрокредиттің ең жоғары сомасы — 8 000 АЕК дейін;
– номиналды сыйқы мөлшерлемесі – жылдық 6% аспайды.
Кредитті/микрокредитті алу үшін қажетті құжаттар:
— өтініш;
— жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
— тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелгенін растайтын құжат (мекенжай анықтамасы, ауыл әкімінің анықтамасы);
— бизнес-жоспар;
— қызмет көрсетуші банктен шоттың бар болуы туралы анықтамалар;
— қаржы ұйымдарынан қарыз берешегі, соның ішінде мерзімі өткен берешегі болуы туралы анықтамалар (кредиттер болған жағдайда);
— қарыз алушының еңбекақысын және/немесе өзге табыстарын растайтын құжат;
— бағалау туралы есеп;
— кепіл беруші және кепілдік қамтамасыз ету бойынша құжаттардың көшірмелері;
— кәсіпкерлік негіздерін оқытудан өткені туралы (тек жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін).
Адамды еңбекке баулып, табысқа қарай ұмтылысын ынталандырып, қолдау қажет. Ал табысты болу кәсіпкердің еншісінде.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №44, 30 қазан 2019 ж