Ескерткіштерді күтіп ұстауға бөлінген 83 млн. теңгенің тек жартысы ғана игерілген

173

Сыннан нәтиже. Шымкент қаласындағы 46 ескерткіштерді күтіп ұстауға бөлінген 83 млн. теңгені үнемдейміз деген ЭКШ басқармасының басшылары бұзылған нысандарды қалпына келтіруге көз жұма қараған. Осы келеңсіздік жайында «Отырар» телеарнасының жаңалықтар бағдарламасында бірнеше мәрте айтылған болатын. Тіпті 10 айда атқарған жұмыстары туралы баспасөз мәслихатын өткізген Қаратау ауданының әкіміне де бұл сауал қойылды.

Бүгінде билік басындағылар өз қателіктерін жоюға кірісіпті. Атап айтар болсақ, еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойындағы стелланың қираған қымбат тастарын қайта жабыстырып жатыр. Мұндай жұмыстар өзге де нысандарда жүргізіледі деді жауаптылар.

«ҰОС жеңісінің 75 жылдығына орайластырып даңқ мемориалын да жөндейміз. Онда да қымбат тастары құлап батырлардың есімі жазалған әріптері түсіп қалған» дейді жауапты мамандар.

Әрине сыннан нәтиже шығаруға асыққандардың жұмыстары әлі де шала екендігі тайға таңба басқандай байқалып тұр. Құлаған тастарды қайта қалпына келтіргендер стелланың астындағы жиек тастарға көңіл бөлмеген.

Жаяу жүргіншілерге арналған жол опырылып, көпшіліктің жүріп тұруы қиындаған нысанның айналасын шөп басқан. Мердігерлердің мәлімдеуінше бұл жұмыстарға атқамінерлер қаржы бөлмепті. Жыл басында бөлінген 83 млн. теңгенің тең жартысы ғана игеріліпті.

Нұрлан Күдерұлы