«Өмірге бала әкелгендердің бәрі бірдей «ана» деген атауға лайық емес. Екі балапанының көзін жәудіретіп артына да қарамай, жеке басының қамы үшін қашып кеткен жанға не деуге болады? Балаларына да келмеген адам «ана» деген атауға лайық па? Өзіңіз қатты сенген адам бір күні сеніміңіздің тас-талқанын шығарса, қандай сезімде боласыз? Келесі кейіпкеріміз қастерлі «ана» деген атқа лайық болу және сенім жайлы оқиғасымен бөлісті.
– Сәлеметсіздер ме? «Оңтүстік Рабат» газетінің «Тағдыр» айдарындағы мақалаларды оқып, Жаратқаннан отбасымның тыныштығын тілеуші едім. Өмірдегі сан түрлі оқиғалардың адам баласының басынан кешіп жатқанына сене алмайтын едім. Сол кезде бізде бәрі тыныш болды. Ұлым мен келінім өте жақсы тұрып жатты. Тәп-тәтті екі немерем бар. Екеуі де қыз. Отағасы екеуіміздің де өмірімізде қатты қиын сәттер болған емес. Алматыда оқитын студент қызымыз бар.
Бір күні ұлым үйге қатты қуанып келді. Алматыдан өте жақсы жұмыс тапқан екен. Біз де қуанып келісімімізді бердік. Осылайша алдымен баламыз барып, орналасып алғаннан кейін келінім мен қыздарын жанына алдыратын болды. Әкесі екеуіміз ақылдаса келе келінімізі де ұлымыздың жанында болуын дұрыс деп шештік. Баламыз барғаннан кейін екі айдан соң әйел бала-шағасын шақырды. Осы кезде немерелерімізді қимағандықтан, отағасы екеуміз балаларды өз жанымызда қалдыруды жөн көрдік. Күйеуім жұмыс істегенімен, мен үйде едім. Үй шаруасындағы әйел болғанымнан да екі немереме қарау қиынға соқпайтын.
Мұның үстіне екеуі де есін біліп қалған: бірі 7 жаста болса, екіншісі 4 жаста. Әрі үлкен немереміз сабаққа баратын. Осының барлығын ойлана келе балам мен келініміз жақсылап орналасып алғанша балаларды бірге жібермеуді ұйғардық. Олар да қарсы болмады. Керісінше «сонша уақыт үйде отырдым, жұмыс істеймін, жақсы болды» деп қуанып қалды, келінім.
Әуелі араға 1-2 ай салып балаларды алып барып тұрдық. Екеуі де жұмыста өте жақсы тұрып жатты. Жаратқанға шүкіршілік еттік. Қызымыз да ағасының үйінде тұрып оқитын.
Айтайын дегенім, осы уақыт аралығында келініміз тарапынан бір де бір рет бізге қарсы шығу, алдымыздан кесе көлденең өту болған емес. Өте жақсы келін болды. Бізді өзінің туған ата-анасындай сыйлап құрметтейтін. Ұлымның аздап мінезі бар еді. Оны да үнемі сабырға шақырып отыратын. Қысқасы, келін болып табалдырығымыздан аттағалы қатты ренжіскен сәтіміз болған емес. Үйді таза ұстайтын, күйеуіне өте жақсы қарайтын, бізді құрметтейтін. Тіпті қайын сіңлісімен де ұрысып, бет жыртысып көрген емес. Оны сіңлісіндей жақсы көретін. Қызым да жеңгесіне қарсы шығып көрген емес.
Енді осындай отбасыға не болуы мүмкін? Көз тиді ме, сөз тиді ме білмеймін. Бір күні біз күтпеген жағдай болды.
Балам таң атпай қоңырау шалып, бір күн бойына келіннен хабар ала алмай отырғанын айтты. Қатты ашулы екені дауысынан білініп тұр. Егер қолына түссе, сол жерде оны тірі қалдырмайтынын айтты. Не болғанын өзіміз де түсінбей қалдық. Сол күні Алматығы жол тартып кеттім. Барғанымда естіп-білгеніме сене алмай, біраз есеңгіреп қалдым,-дейді оқырманымыз.
– Жағдай былай болыпты…
Жарты жылдан бері келінім бір адаммен телефон арқылы сөйлесіп жүріпті. Қалайша Құдай ұрғанын кім білсін? Сондай жағдайға баруына не себеп болғанын да білмейміз. Күйеуі таңнан кешке дейін жұмыста болғандықтан ештеңенің байыбына бармаған. Жұмысы өте ауыр болып, түнде келетін кездері көп. Шаршап-шалдығып жүріп, әйеліне де көңіл бөле алмаса керек. Бірақ жеңгесінің біртүрлі өзгеріп жүргенін қызым байқаған. Күйеуі жұмыстан келердің алдында ғана үйге келуді жиілеткен соң, қызым күмәнданып, ол душқа түсуге кеткенде телефонын тексеріпті. Сол кезде телефонында екінші бір нөмір барын көріп, сол нөмір арқылы кімдермен сөйлескенін де білген. Айтуынша сол нөмірдегі уатсап нөмірімен бірнеше жігітпен сөйлескен екен. Ұлты басқа жігіттер. Біреуімен ұзақ уақыттан бері сөйлесіп жүріпті. Жазылған әңгімелерін суретке түсіріп алған қызым сол суреттерді ойланбастан бірден ағасына жіберген. Сол кезде ұлым да келінге хабарласып, өлтіруге бара жатқанын айтқан. Мұны естіген келін заттарын жинап қашқан. Ертесіне ұлым келіннің төркініне кеткенін білген.
Осылайша, төбемізден жай түскендей болды. Мүлдем күтпеген жағдай. Келіннің анасы Өзбекстанда тұрады. Біздің шаңырағымызға келін болып түскелі бір де бір рет ерсі қылығын көрмедік. Сене алмай дал болдым. Баламды қайта-қайта сұрақтың астына алдым. Мүмкін бізден жасырғаны бар шығар, ашумен қолы тиіп кетті ме, жанына бататын сөз айтты ма екен, деп бірінші ретте баламнан күмәндандым. Алайда, қызым ағасының әйеліне тек қамқормен қарайтынын, олардың бір де бір рет ұрысқандарын да көрмегенін айтты. Келінімнің жігіттермен сөйлескен әңгімелерін оқытқанда мен оны мүлдем танымай қалдым.
Осы тұста қызымның да ойланбай әрекет еткеніне ашуланып, оны да ұрыстым. Алдымен ағасына емес, маған хабарласқанында мүмкін басқаша болар ма еді? «Келінді түсінбей жатып жала жапқан шығармыз» деп көп ойландым. Бірақ, кінәсіз болса осы уақытқа дейін келетін еді ғой. Қанша рет хабарласып өтіндім, жалындым. Тым болмаса балалары үшін келуін сұрадым. Бірақ ол балалары үшін де келмеді. Ал қыздары оны сағынады. Іздейді. Күнделікті видеозвонокпен сөйлесіп, 1-2 айда әке-шешесін көріп үйреніп қалған олар менен «мамам қайда?» деп сұрағанда жанымды қоярға жер таппаймын. Бүйрегім езіліп, ішімнен күйіп-жанып еріксіз жылап аламын.
Құдағиым да қызының қылығын теріске шығармайды. «Бетпе-бет сөйлесейік, балаларды сөйлестірейік, тым болмаса екі немеремнің анасыз өспеуіне үлес қосайық» десем де тыңдамайды. «Ұлың қызымды өлтірмекші болыпты. Маған мұндай күйеубала керек емес» деп айтады. Құдағидың сіңлісі бар еді. Адамдар ол кісі жайлы жақсы сөз айтпайтын. «Жүргіш» деген сөзді көп еститін едік. Алматыға барып, сол әпкесімен араласып бұзылған ғой келінім. Ал әйеліне қалтқысыз сенген менің аңқау ұлым соңында опасыздыққа ұшырады. Ұлыма да жеңіл тимеді. Ол қатты қиналды. Еркек намысы, еңсесі түсті. Қазір психологқа барады. Мен екі немеремді де психологқа апарып жүрмін, өйткені олар анасын сағынады. Жылайды. Сондайда жанымды қоярға жер таппаймын.
Ал шешелерінің кеткеніне міне, 8 ай болды. Бір де бір рет келіп көрген жоқ. Анда-санда маған жазып, бір күні алып кететінін айтып қояды. Не айтып не қойғанын өзі білмейді.
«Мен жігіттермен сөйлескен жоқпын» деп ақталмайды да. Әйтпесе, балама айтқан едім. «Егер ол өзін ақтап алса, кешіресің» деп. Қазір ұлым жақсарған. Өзін жұмысқа арнады. Немерелерім үшін уайымдаймын. Аналарын жек көріп өскенін қаламаймын. Мейлі, әкесімен қосылмасын, бірақ балаларын көріп кетіп тұрса екен. Екі қызым анасын танып, біліп өссе екен. Кішкентай болса да олардың да психологиясы бұзылып жүр. Атасы екеуіміз шамамызша екі балапанымызды сақтап қалуға тырысып жатырмыз. Дегенмен, ананың аты ана ғой. Оның орнын ешкім баса алмайды. Кезінде көршілерім де, туысқандарымыз да «балаларды анасымен бірге жібер» деп талай рет айтқан еді. Сол кезде бекер солардың ақылын құлаққа ілмеппін. Балаларын да өздерімен қосып жібергенімізде жұмыстан кейін балаларын ойлап теріс жолға түспес пе еді кім білсін? Мен «тек бірге жүріп, жағдайларын жасап алсын» деп ойладым ғой. Бұлай боларын қайдан білейін?!
Әңгіменің соңында айтарым. Имандай сенген адам тарапынан да күтпеген соққы алуың мүмкін екен.
Мен келінімді «жаман» демеймін. Ол өте жақсы келін, өте жақсы ана, өте жақсы әйел болды. Тек бір нәрсеге басым жепейді. Сондай адамның осынша өзгеруіне не себеп болды? «Біреу оқытып қойды ма?» деп те ойлаймын. Санамда сан сауал. Ешқайсысына жауап таба алмай келемін.
Жазып алған – Жанерке ХУМАР
«Оңтүстік Рабат», №45, 6 қараша 2019 ж