Павлодар облысынан келген бір топ зиялы қауым өкілдері аймаққа сапар барысында жақында ғана қолданысқа берілген халыққа қызмет көрсету орталығында болып, ондағы жұмыс барысын көрді.

Қонақтарды мемлекеттік қызметтер саласындағы жаңашылдықтармен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Түркістан облысы бойынша филиал директоры Ержан Жеңісбеков таныстырды.

Естеріңізге сала кетейік, бір жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ірі кәсіпкерлер мен облыс басшыларына Түркістанда бір-бір жаңа нысанның тұрғызылуын тапсырған болатын. Міне, бүгінде Павлодар облысының атынан салынған жаңа ғимаратта Халыққа қызмет көрсету орталығы орналасып, филиал басшылығы осында жұмыс істей бастады.

Орталықта 40-қа жуық маман қызмет көрсетеді. Ғимарат заманауи биометриялық құрылғыларымен жабдықталған. Енді түркістандықтар жеке басын растайтын құжатсыз-ақ, өздеріне қажетті анықтамаларды саусақ іздерімен алу мүмкіндігіне ие. Ол үшін бірыңғай электронды цифрлық қолтаңба немесе жеке бас куәлігінің қажеті жоқ. Биометриялық деректер базасына мәліметтерді оператордың көмегімен бас-аяғы 5 минутта енгізуге болады. Жүйеге тіркелу үшін азаматтардан оң және сол қолдарының сұқ саусақтарының іздері алынып, бет-әлпеті сканерленеді. Мамандардың айтуынша, биометриялық сервис азаматтардың дербес деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және бөгде адамдардың азаматтардың атына анықтама алу фактілерін болдырмайды.
Сонымен қатар жаңа ХҚО-да «Цифрлық қызмет көрсету» секторы жұмыс істейді. Соңғы үлгідегі компьютерлермен жабдықталған орында бір мезетте 20 адам өз бетінше қызмет ала алады. Жыл басынан бері «Азаматтарға арналған үкіметтің» Түркістан облысы бойынша филиалы арқылы 2,3 млн-нан аса мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның тең жартысын түркістандықтар электронды түрде өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы алған.

Айта кетейік, Түркістан облысында 2 ХҚО бөлімі, 1 көші-қон орталығы, 1 мамандандырылған ХҚО жұмыс істеп тұр. Халық санының өсетінін ескерсек, мемлекеттік қызметтердің сапалы және ыңғайлы ғимаратта көрсетілуі өте маңызды.
Жаңа орталық Түркістан қаласы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолы, 40 мекенжайында орналасқан. Ол дүйсенбі-сенбі күндері сағат 9:00-20:00 аралығында үзіліссіз жұмыс істейді.