Сарыағашта:суицид пе әлде сұйық сөз бе?

609

«Тамырын кеспек болған оқушының ісін жабу үшін мектепте ақша жинала бастады». Осылай деп арызданған Сарыағаш ауданының мұғалімі білім ұясында ай сайынғы жиналатын қаржы мен көлеңкелі «салықтан» мезі болдық, дейді. Педагог білім ұясындағы өзге «былықтарды» да айтып салды.

Бақытжан Бейсенбаев

Бақытжан Бейсенбаев — Сарығаш ауданы, Дихан баба ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте физика пәнінің мұғалімі. 17 жылдық тәжірибесі бар ұстаз мектептегі ай сайынғы ақша жинаудан мезі болғанын айтады. Ол аздай, енді арнайы рейд кезінде полицияға ұсталып, өз-өзіне қол салмақ болған оқушыға қатысты мәселені жабу үшін  директор тағы да ақша сұратып жатыр, дейді.

«Мектепте ай сайын 7-8 мың теңгеден жинаймыз, оның біразы тексерулерге, біразын білім ұясындағы кем-кетіктерге деп алып кетеді. Тексерулер болғанда, бізге көбіне білім бөлімінен кеп жатады, сосын прокуратура кейде «СЭС»-тен адамдар келді деп, жалақымыздан сол 7-8 мың теңгені ұстап қалады ғой.  Ал бұл жолы 18-қарашадан 19-на қараған түні, сағат 2-лер шамасында, тойханада даяшы болып жүрген оқушымыз полицейлерге рейд кезінде ұсталып қалыпты. Енді сол қыз қорыққанынан қолындағы тамырын кеседі. Қазір сол істі жабу үшін басшымыз бізден 100 мың теңге жинап жатыр. Бірақ мен оған қосылмаймын! Қашанғы ақшаны бере беремін?! Шаршадым бәрінен. Ол оқушы сабақ уақытында ұсталып отырған жоқ қой, одан кейін бізде тойханада жұмыс істейтін он шақты оқушы бар, олар мүлдем сабақ оқымайды! Түні бойы жұмыс істесе, қайдан оқысын? Қалғып-мүлгіп, мектепке келіп-кетеді әйтеуір», — дейді Бақытжан Бейсенбаев.

Мұғалімнің айтуына қарағанда бұл мәселені көтергені үшін әріптестерінен қысым да көріпті. Мектеп директоры болса, білім ұясында ақша жиналатынын жоққа шығарды. Ал, өз-өзіне қол салмақ болған оқушының жайын былай түсіндірді.

Халида Қабылова

Халида Қабылова, Ы.Алтынсарин атындағы №17 мектептің директоры: «Ата-анасы бізге түсініктемені осылай жазып берді:Қызым түнгі сағат 00:00-лер шамасында әжетханаға шығып, қолын кескені рас. Айнаға кесіп алғаны рас. Сөйтіп үйге кірген қыздың бөлмесінің жарығы сөнбеген соң, ата-анасы біз жүгіріп бардық. Қыз қаннан қорқып қалған ғой негізі, сосын ауруханаға апардық». Сонымен, ауруханаға апарғанда ондағылар қызды өз қолын, тамырын кескен деп ойлап қалған».

Ал, отағасы екеуінің де саулығы сыр беріп, жұмыссыз жүргенін алға тартқан оқушының анасы сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Сарыағаш аудандық полиция бөлімі басшылығының айтуынша, бұл жәйт бойынша сол күні-ақ, орталық ауруханаға жедел-тергеу тобы келген. Сарыағаш ауданы орталық аурухана дәрігерінің анықтамасына сәйкес, жасөспірімнің алған дене жарақаты: сол білегінің сырылып, кесілген жарақаты. Ал қыз баланың әкесі «үйде жуынып жүріп, абайсызда қолын кесіп алды, ешкімге арыз-шағымым жоқ» деген. Сондықтан, оқиға бойынша жинақталған құжаттар қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмауына байланысты номенклатуралық құжаттарға тіркеліпті.

Мөлдір Бекеева