«Шаңырақтағы» өмір шырағы

373

Қаланың іргесіндегі «Шаңырақ» шағынауданы тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Биылғы жаңа оқу жылын балалары осы елді мекенде жаңадан ашылған мектепте жалғастырды. Осыған дейін оқушылар көрші ауданға көлікпен қатынап оқитын. Ең жақсы мектеп — үйге жақын мектеп екеніне көз жеткізген «Шаңырақ» шағынауданының тұрғындарымен тілдестік.

Мұғалимасының сөзін бұлжытпай қайталаған мына бүлдіршіндер жаңа мектептің табалдырығын алғашқы аттаған бірінші сынып оқушылары. Екі сыныпта 62 бала оқиды. Жаңа оқу жылында жұмысын жаңа ұжымда жалғастырған жас ұстаз Аяужан Жорабекова балалардың дайындығына тәнті.

Аяужан Жорабекова , бастауыш сыныптың мұғалимасы: «Балалардың ынтасы керемет. Қызығушылықтары, белсенділіктері жоғары. Барлығын білгісі келеді, білмегендерін ұялмай сұрайды».

600 балаға шақталған мектепте «Шаңырақ» шағынауданының 531 баласы оқиды. Өзге аудандағы мектепке көлікпен қатынап келген балалар енді жақын жердегі білім ұясына баратынына әсіресе ата-аналар қуанышты.

Заманауи үлгідегі №134 мектепте оқушылар бір ауысымда оқиды. Түстен кейін білім ордасында түрлі үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Үй маңындағы мектепке қатынайтын оқушылардың енді сол үйірмелерге баруға да уақыты бар.

Гаухар Жұманова, оқушысы: «Бұрын №98 мектепте оқитынбыз. Сынып бөлмелері өте тар еді, соқтығысып жүретін едік. Қазір міне тігіс тігу, домбыра үйірмесіне қатысуға мүмкіндік алдық».

Қазір жаңа білім ошағындағы балалардың ой — өрісін дамыту мақсатында кітапханадағы кітаптардың қоры толықтырылып жатыр. Жаңа мектептің алғашқы — түлектері 11 -ші сыныптың 13 оқушысы алдағы бірыңғай ұлттық тестке дайындықты бастап та кеткен.

Шынар Оразова