Бүгін «Shymkent Bus» автопаркінің 50-ге жуық қызметкері таңертеңнен жұмысқа шығудан бас тартты. Бес бағыт бойынша жүретін автобус жүргізушілері мен кондукторлары жалақыны уақытында беруді және өсіруді талап етті.
Айтуларынша, олар екі айдан бері жалақы алмаған. Күн көріске бақыр тиын таппаған автопарк жұмысшылары басшыларымен жаға жыртысуға дейін барды. Бұл дәл осы компанияда екінші рет болып отырған наразылық шарасы.
«Кондукторлар қазір айлық алмаймыз. Жүргізушімен бірге азаннан кешке дейін істейміз. 3 мың теңге алсақ та риза боп қайтамыз. Жылы кабинетте отырып 220 мың теңге алады. Екі сағат пол жуып 60 мың теңге алады. Біз соны да ала алмай отырмыз. Азаннан кешке дейін істейміз. Түсінсін енді біздің қадірді. Әкім қайда қарап отыр?» дейді ашынған жүргізушілер.
Бүгін таңертеңнен «Shymkent Bus » компаниясының жүргізушілері бағытқа шығудан бас тартты. Автобус паркінің қызметкерлері екі айдан бері жалақысын алмай жүргеніне ызалы. Айлық алмаған соң отбасын асырауға ақшаны несиеге алайын десе оны да бермейді.
Ашуын ашық білдірген автопарк қызметкерлерінің басты талабы — тиесілі еңбекақының төленуі және жалақыны өсіру. Өйткені, автобустың тазалығы, оған техникалық қызмет көрсетудің барлығы жүргізушілер мен кондукторлардың мойнына жүктеліпті.
Сәкен Айтуаров, жүргізуші: «179 сағат жұмыс істедім. 16 ауысым. Оған 59 666 теңге шыққан. Зейнетақыға 5 666 теңге ұстады. Табыс салығын ұстады. Сонда 53 мың теңге таза қолымызға алдық. Оған қалай күн көреміз?»
Маусым айында, «Shymkent Bus» компаниясы жұмысын бастарда, қазіргі Түркістан қаласының әкімі, сол кездегі Шымкент әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарама төрағасы Рашид Аюпов жүргізушілерге жоғарғы жалақы төленетінін және оларға барлық жағдайдың жасалатынын айтқан болатын.
«Біздің жүргізушілер қолдарына таза 170 мың теңге алады. Бұл жоғарғы жалақы және оларда орындайтын жоспар жоқ. Яғни, қалада жүйткімей, асықпай жүреді. Ал, өзге автопарк өкілдері қалай жүрсе де өздері біледі», деген еді Рашид Аюпов.
Бүгін жиналғандардың дені осы уәдеге сеніп, жылы орнынан ауысып келгендер. Ал, «Shymkent Bus » басшылары айтылған айлықты бермек түгілі, жалақыны қысқартып тастапты. Соның өзін жалынып жүріп әрең аламыз дейді жиналғандар.
Ашынған жүргізушілерден жұмысқа шығуды талап еткен автопарк өкілдерімен жаға жыртысуға дейін барды.
«Shymkent Bus» компаниясының директоры ашынған жұртпен тіл табыса алмай біраз сергелдеңге түсті. Барлық мәселені қол астындағы орынбасарына жапқан Елікбай Тоқбергенов келесі жылы айлық 200 мың теңге болады деп айды аспаннан бірақ шығарды.
Елікбай Тоқбергенов, «Shymkent Bus» компаниясының директоры: «Келесі жылы субсидия алуды жоспарлап отырмыз. Алсақ жалақы 200 мың теңге болады».
Аты мен заты жер жарып тұрып ашылған автопарктің басы даудан арылмай-ақ қойды. Жалақысына қол жеткізе алмаған жүргізушілер мен кондукторлар бұған дейін де айқай шығарған болатын. Бұл жолы жүргізушілер мен кондукторлар жалақы жақын арада берілмесе және жағдай түзелмесе жұмыстан кетеміз дейді.
Ғалымжан Кенжебек