Жылдар бойы түйіні тарқамай келе жатқан ирригация мәселесі тұрғындарды биыл да титықтатып отыр. Түні бойы жауған жаңбыр салдарынан бүгін қаланың кей көшелерінде көлшіктер пайда болған. Кесірінен, үйінен шыққан елге межелі жерге дейін шалшық кешіп жетуден басқа амал қалмады.

18 шағынауданның тұрғындарын мектеп пен бақшаға апаратын жалғыз жол осы. Жаңбыр мен қар жауса болды қойнауы қызыл суға толатын көшеде жүру мүмкін емес дейді тұрғындар. Тіпті жаяу жүргіншілерді былай қойғанда көліктердің өздері кептеліп қалатын болған. Ирригация жүйесінің сапасыздығына көндіккен ел әзірге жауаптылардың назар салуын күтіп жүр.

Шымкентте арықсыз жатқан көше бір бұл ғана емес. Қала бойынша тағы 6 шағынауданда ирригация жөндеуді күтіп тұр. Осылай деген жауаптылар Жібек жолы көшесі, 112 орам мен 1- автожол тұрғындары тағы бір жыл шалшық кешіп жүретінін жеткізді. Әзірге жөндеу жұмыстары 15 көшеге жүргізілмек.

Шымкентте жауынды маусым енді басталды. Алдағы бірнеше күнде қалада жаңбыр жауады, дейді синоптиктер. Бір түннің ішінде төмендеген температура екі күннен кейін көтеріліп күн көзі шығады дейді ауа-райын болжаушылар.

Мегаполистегі ирригация мәселесінің көтерілгеніне көп жыл болды. Содан бері қалада бірнеше әкім ауысты. бірақ мәселе орнынан қозғалған жоқ.

Назерке Үкібасова