Бүгін «Шымкент – адалдық алаңы» жобасы аясында Жобалық кеңсе басшысы Е.Төлебаев қалалық соттар Әкімшісінің басшысы Н.Байтілесовпен, сондай-ақ қаланың жоғарғы оқу орындарының ректорларымен кездесті.
Іс-шараның мақсаты «Жас заңгерлер Альянсы» жаңа жобасын жүзеге асыру мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін волонтерлік көмек көрсету, жастарды заңтану саласындағы практикалық дағдыларға үйрету, сондай-ақ парасаттылық, адалдық және сатылмаушылық қағидаттарына тәрбиелеу болып табылады.
«Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Е.Төлебаев өз сөзінде кәсібиліктің ғана емес, таза ар-ожданның маңыздылығына назар аударды.
Ол парасаттылықты енгізу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен бірлесе қаланың жоғарғы оқу орындарында жүзеге асырылып отырған «Саналы ұрпақ», «Ізгілік елшісі», «Адалдық дүкендері» және т. б. маңызды жобаларға тоқталып өтті.
Н. Байтілесов атап өткендей, «Жас заңгерлер Альянсы» жобасы аясында заңгер-студенттер азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында волонтерлік көмек көрсетеді, сондай-ақ заңгер үшін қажетті дағдылар мен тәжірибелер алатын болады.
Іс-шара соңында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылып, тараптар осындай бастамалар жас заңгерлерге оң әсер ететініне сенім білдірді.