«Тұрақты комиссияның отырысы ойыншық емес». Шымкент қаласының мәслихат депутаты Нұрғазы Бұхарбав мәжіліске дайындықсыз келген шенеуніктерге шүйлікті.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын талқылауға арналған жиында спорт және білім салаларының басшылары тіпті төбе көрсетпеді. Ал орынбасарлары халық қалаулыларының сұрақтарына жауап беріп жарытпады. Түйіткілді мәселелердің түйінін тарқата алмаған тұрақты комиссияның отырысы қалай өтті?
Гүлнар Дәрібаева білім басқармасы басшысының орнын баса алмады. Жекеменшік-әріптестік аясында салынып жатқан нысанды баяндай алмай депуттардың қытығына тиді.
Шымкентте жекеменшік-әріптестік аясында салынып жатқан жалғыз білім нысаны — «Өнер мектебі». Осыдан бес жыл бұрын қолға алынған құрылыс сиырқұйымшақтанып кетті дейді депутаттар. Ісі сотқа жеткен мердігердің салғырттығынан айналып келгенде бюджетке салмақ түскелі тұр.
Нұрғазы Бұхарбаев, Шымкент қаласының мәслихат депутаты: «Тағы да смета жасау керек. 5 жыл бұрынғы жағдай сол әлі».
Спорт басқармасы басшысының орнына келген Ернұр Сапарбаев та жобасын қорғай алмай әлек болды. Жекеменшік әріптестік аясында салынуы тиіс нысанға қомақты қаражат сұрап басы дауға қалды.
Білім және спорт салаларының басшылары Айгүл Текебаева мен Әлібек Нұртайды алмастырған шенеуніктердің шалалығы кеңес мүшелерін кәдімгідей ашуландырып қойды. Тұрақты комиссияның жұмысына салғырт қараған шенеуніктерге шара көретін кез жетті дейді депутаттар.
Сала басшыларының маңызды отырысқа атүсті қарағаны алғашқы жағдай емес. Келелі мәселені көтеруге келген кеңес мүшелері бұл жолы да түйіткілдерді тарқата алмай тарасты.
Мақпал Рысбаева