Астана-1 және Астана-2 қосалқы станцияларына қаржы бөлінуі мүмкін

290
Астана-1 және Астана-2 қосалқы станцияларына қаржы бөлінуі мүмкін

Шымкент қаласын электр жарығымен қамтитын Астана-1 және Астана-2 қосалқы станциялары жуырда пайдалануға беріліп қалуы мүмкін. Егер облыс мәслихатының депутаттары қажетті нысанды жабдықтауға экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының нақтылауын қолдаса, құрылысқа 3 млрд 300 млн теңге бөлінеді. Сонымен қатар республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен білім саласына 1 млрл 700 млн теңгеге жуық қаржы бөлу жоспарлануда.

Облыс мәслихатының кәсіпкерлікті, құрылыс және коммуналдық саланы дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Депутаттардың қарауына ұсынылған үш мәселе бюджетті нақтылауға байланысты болды. Облыстық бюджеттің көлемі республикадан бөлінген нысаналы трансферттер есебінен 6,5 млрд теңгеге ұлғайып, жалпы сомасы 517,9 млрд теңгені құрап отыр. Жобаға сәйкес, қаражат елдімекендерді ауыз сумен, газбен және электр жарығымен қамтуға бағытталған. Ең бастысы – медициналық көмекке зәру азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтуға тиісті қаржы бағытталуда.

Халық қалаулылары 2017-2019 жылдарға арналған облыс бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін қолдады. Сондықтан Шымкент қаласын жарықпен қуаттандыратын Астана-1 және Астана-2 қосалқы станцияларына 3 млрд 300 млн теңге бөлуді қарастырып жатыр. Шешім бойынша сын-ескертпелерін де жеткізді.

Тұрақты комиссияда көтерілген өзекті мәселелердің бірі – құрылыс төңірегіндегі күрделілік. Тендерді өткізуді ертерек бастамаса, құрылыс сапасы ақсап, олқылықтар таусылмайтынын депутаттар кезекті рет ескертті.

Тұрғын үй-коммуналды шаруашылық саласында инженерлік инфрақұрылым бойынша да қаржы бөлінуі мүмкін. Сонымен қатар кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында Қайтпас шағынауданында кәріз тораптарының құрылысына қосымша 359,7 млн теңге бағытталуда. Айта кететін жайт, бұл мәселелер бойынша шешім 30 қарашада өтетін облыс мәслихатының сессиясында қабылданады.