Түркістанды түлетуде дәстүр мен жаңашылдық үйлесім табуы керек

368
фото Elbasy.kz

Төрткүл дүниедегі түркітілдес халықтардың басын қосып, төрелік айтатын төбежұрты саналатын киелі Түркістан алдағы уақытта адам танымастай кейіпке енбек. Онсыз да әлемнің әр түкпіріндегі адамзатты бір көруге ынтызарлығын оятатын қасиетті мекенде енді күнгейдегі облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін көркею, даму дәуірі басталып та кетті…

Шаһардың дамуы туралы бірнеше мәрте жиын өткізілді. Жоспар-жобаларға қарасақ, расында көркіне көз тоярлық рухани орталыққа айналары айқын. Ең алдымен Рухани астананың мәдени тұрғыдан алғанда даму деңгейі әлбетте биіктері сөзсіз…

Мархабат Байғұт, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері: «Елбасының кеше Түркістанға келген сапарындағы кездесуге қатыстық. Есім хан алаңындағы амфитеатрда сөйлеген сөзінде еліміздің тұңғыш президенті «Кезінде Түркістанды еліміздің астанасы еткім де келді. Ойымда жүрді… Түркістанға талай мәрте келдім. 2020 жылдың маусым айында Түркістанның облыс орталығы болғанына 2 жыл толады. Оған да келемін…» деді.

«Егемен Қазақстан» газетіне шыққан «Елбасы және түлеген Түркістан» атты мақала өте тұщымды жазылыпты. Жалпы Махмұт Қасымбеков еліміздегі елбасытану бағытында еңбек етіп жүрген жазбагер.

Түркістанға екі аптадай бармай қалып едім, бүгінгі келбетін танымай қалдым. Арықтан мөлдіреп су ағып жатыр, субұрқақтар көбейіпті. Қала көркейіп, ажарлана түсіпті. Бұрын қалаға су жетіспейтін. Бұл мәселе орынды шешілген сыңайлы. Елбасының талай еңбегі бар ғой, Түркістанды облыс орталығы еткенін ерекше атап өткім келеді. Оның үстіне іскер, еңбеккер Өмірзақ Шөкеевті басшылыққа тағайындағаны тағы бір көрегендігінің көрінісі дер едім. Бүгінде Шөкеев Түркістанды көгалдандырып, нағыз гүлзар баққа айналдырды. Қаншама әсем ғимараттар пайдалануға беріліп жатыр. Желтоқсан айынынң соңына дейін әлі 5-6 ғимарат соғылып бітеді екен. Облыс басшысының іскерлігінің дәлелі осы болса керек.

Түркістанның бас жоспарын әлемдік деңгейдегі сәулетшілер жан-жақты талқылап, талқы таразысына салды кезінде… Ежелгі сәулет өнері мен қазақы ұлттық стиль ұштасуы тиіс. Дәстүр мен жаңашылдық үйлесім табуы керек. Әлемдік сәулет өнерінің үздік үлгілері көрініс табуы тиіс. Облыс басшысы көркейту, көгалдандыру жағына да көптеп көңіл бөлуде. Алдағы уақытта Түркістан адам танымастай жаңа келбетке ие болары сөзсіз».

Түркістанның сәулеттік келбеті қаланың көркеюіне қомақты үлес қосатын сәулетшілердің назарынан тыс қалмаса керек. Көз тартар көрікті ғимараттардың көбейгені, де олардың қай стильде салынуы да маңызды мамандық иелерін мазалары анық.

Асқар Мамырбаев, Қазақстанның Құрметті сәулетшісі: “Түркістан тарихи орталық, Аурасы бөлек, рухы бөлек. Ескі аумағын, этнографиялық аумағын туризмге бағыттау қажет. Шеттен келетіндер экзотика іздеп келеді. Соған қарап топшылайды. Соған қарай сәулеттік келбеті болуы керек. Инфрақұрылымды жөндеу керек”.

Аузы дуалы, сөзі уәлі ел ағаларының сөзіне сенсек, жақын болашақта теріскейде Астанадан да ғажайып ертегі қалашық менмұндалап тұрмақ. Армандар орындалады. Ендеше рухани астананың жарқын келешегіне үмітпен көз тігеміз…