Жаназадағы ысырапшылдыққа тоқтам бола ма?

448

«Өлі разы болмай, тірі байымайды». Дәл осы сөзге сүйеніп, қазаның дастарханын тойдікімен шатастырып жүргендер көп. Бүгінде марқұмның жылдық асын беруге жайылған дастарханнан құстың сүтінен басқасының бәрі табылады. Дін өкілдері бұған тоқтау салу қажет дейді. Ас та төк ысырап жасамай, оған жұмсалған қаржыны өзге де сауапты амалға жұмсауға болады дейді имамдар.

Қаза бардың малын шашады. Қазаға қабырғасы қайысып отырған отбасы көңіл айта келген көпшілікке ас та төк дастархан жайып бәйек болады. Бұл шығын онсыз да қара жамылып отырғандарға оңай түспесі айтпаса да түсінікті. Жеміс-жидек, түрлі тәттілер ағыл-тегіл қойылатын дастархан ысырапшылдықтың көрінісі. Ал ислам дінінде ысырапшылдыққа жол бермеу дәріптеледі.

Анарбек Орман, «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-нің бақылау кеңесінің төрағасы: «Неше түрлі салаттарды қойып тастайды. Жілік-жілік еттерді қойып тастайды. Қазы-қарта деген үйіліп тұрады. Оның кейбірі қарайып қалып та жатады. Қалып кетіп жатады».

Ал имамдардың пікірі «қаралы үйде қара қазан төңкеріліп тұруы тиіс» дегенге саяды. Айтуларынша, жаназасы шығарылған жанның ет жақындары ас қамдау мәселесіне бас қатырмағаны жөн екен. Бұл шаруалар көршінің үйінде атқарылуы тиіс.

Бақтыбай Бисебаев, ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша бас имам: «Мұсылманның мұсылман екенін білдіретін ең қайырлы амал – мұсылмандардың сәлем бергіштігі мен ас бергіштігі деп айтылады. Сондықтан адамдар қайтқан адамның жетісі мен қырқын беруге әдеттенген. Бірақ, одан үлкен сауаптар бар. Ол жаңағы адамдарға пайдасы тиетін дүниелер. Мысалы, мешіт салу. Мешіттің шаруаларына қарайласу».

Меруерт Ахан