Мүмкіндігі шектеулі жандарға 9 қабатты үйден пәтер беріп, жедел сатысын іске қоспаған жауаптылар жіберген кемшіліктерін түзете бастады. «Нұрсәт» шағынауданындағы №93 тұрғын үй мәселесін осыдан екі ай бұрын жеткізген болатынбыз. Енді араға уақыт салып, бір жыл бойы орнынан қозғалмаған лифт таңғажайып орнап пайдаға жарапты. Бірақ, бұл жаңалыққа үй тұрғындарының жартысы ғана қуанып жүр. Себебі іске екі жедел сатының біреуі ғана қосылған.

Нұрсәттегі №93 үйдің лифтісінің қосылғанына ерекше қуанғандардың бірі Серғали. Бір жыл бойы серуенге шығу үшін баспалдақпен арпалысып келген ол енді бірінші қабатқа қас пен көздің арасында жететін болады. Балдаққа байланған азамат алғашында бұл жаңалыққа сенер-сенбесін де білмепті.

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға бұл үй 1 жыл бұрын табысталған. 9 қабатты үйдегі лифттің өзі болғанымен бұған дейін тұрғындарға еш пайдасы тимей келген еді. Арнамызға арызданған жұрттың айғайынан соң жауаптылар ұяты оянып, жедел саты бір апта ішінде жүреді деп уәде берген болатын. Алайда бір апта бірнеше айға ұласып, соңында көршілерді ұрыстырып та қойған. Себебі лифт бір подьезде ғана жөнделген.

Қайыр қылғанымен оны бүтіндеуге асықпаған компания елге тағы кезекті уәдесін берді. Сөздеріне сенсек, келесі подьездегі жедел саты осы айдың соңында жөнделмек.

Ал, әзірге №93 үйдің жартысы көршілеріне қызығып, жедел сатының іске қосылатын күнін күтуден басқа амал жоқ.

Назерке Үкібасова