Биыл көпқабатты үйлердегі 23 жеделсаты ауыстырылады

Биыл көпқабатты үйлердегі өзекті мәселеге айналған жеделсатының проблемасы шешіле бастайды. Жыл соңына дейін 23 жеделсатыны ауыстыру көзделіп отыр. Бұл туралы тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы айтты. Сөзінше, өткен жылы коммуналдық тұрғын үйлерде қауіп тудырған 3 жеделсаты жөндеуден өткен.

Биыл Шымкенттегі көпқабатты үйлердің жеделсатысы ауыстырылады. Тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы бойынша жалпы саны 23 жеделсатыны ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл туралы қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы мәлімдеді. Сөзінше, бұрын жекенің құзырында болған бұл қызмет, биыл басқарма теңгеріміне өткен.

Азат Исламов, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Биылғы жылы тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында 23 жеделсатыны ауыстыру көзделіп отыр. Бұл функция биылдан бастап құрылыс басқармасына берілді. Бұрын «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басқармаға қарасты болса, биыл 6-наурыздан бастап бұл мекеме құрылыс басқармасының теңгеріміне берілген. Осы жұмыстар алдағы уақытта құрылыс басқармасының тарапынан жүргізілетін болады».

Өткен жылы тұрғын үй басқармасының теңгеріміндегі 21 коммуналдық меншіктегі үй мен 3 жеделсаты ағымдағы жөндеуден өткен. Үшеуі де осыған дейін проблемалы болған Нұрсәт шағынауданындағы көпқабатты үйлерде орналсқан.

«Бұл 3 жеделсаты коммуналдық тұрғын үй қорына жататын үйлерде жасалынған. Ол арасында жекешеленген үйлер болатын болса, лифт құрылғыларын ауыстыру тек қана концепция аясында тұрғындардың есебінен жүргізіледі. Яғни, коммуналдық тұрғын үй қорына қатысты мемлекет теңгеріміндегі үйлерді біз жасағанбыз, ол Нұрсәттегі үйлер болатын. Ол ағымдағы жөндеу, яғни лифт құрылысы, ауыстыру емес», – дейді Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Исламов.

Сонымен қатар, 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен қайтарымды қаржы негізінде 16 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді. Жалпы биыл Шымкентте мемлекеттік бағдарлама аясында 364 пәтер құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл қорытындысымен, тұрғын үй кезегі келген 449 пәтер халықтың әлеуметтік осал тобына, 351 пәтер көпбалалы отбасыларға, 200 пәтер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі деп жоспарланып отыр.