Қазақстандағы жасөспірімнің көбі педофилия үшін сотталған, — деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бұл туралы «Бүгінгі қоғамдағы педофилия: проблемалық сұрақтар мен оның шешімдері» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында хабарланды.
Қазақстанда кәмелет жасқа толмағандарға арналған бір ғана колония бар. Ол — Алматыда орналасқан ЛА 155/18 колониясы. Мекеменің аға инспектор-психологы Гүлнар Тохтахунованың сөзінше, колонияда 45 сотталушы бар. Оның 20-сы балаларға қарсы жыныстық сипаттағы әрекеттері үшін сотталған. Қылмыс жасаған кезде олар 15-17 жаста болған. Оның жетеуі — Шымкент тұрғыны, төртеуі — алматылық және үшеуі — Қостанай қаласының тұрғындары.
Сонымен қатар, ШҚО, Ақмола облысы, Павлодар, Ақтөбе, Шу және Орал тұрғындары бар. Педофилдердің қолынан зардап шеккендер оларды жақсы таныған. Сегіз оқиға бойынша жәбірленушілер көршілес болса, бір оқиғада жәбірленуші қылмыскердің інісінің досы болған. Оқиға болғаннан кейін қылмыскерлер жәбірленушінің тіс жармауын талап етіп қорқытқан.
Психологтың айтуынша, көп оқиға ауыл аймақтарында болған және қылмысты көбіне тұрмыс жағдайы төмен отбасындағы балалар жасаған. Сонымен қатар, психологтың сөзінше, көбіне балалар мұндай әрекетке жасөспірім шағында барады.
«Бірде сотталушы бала өзін де алты жасында көршісі зорлағанын мойындаған. Ол қорыққандықтан бұл туралы ауыз ашпаған. Ата-анасы да оның жай-күйіне назар аудармаған. Сөйтіп ол тоғыз жыл бойы болған оқиғаны ішінде сақтап, артынша басқа баланы зорлап, өшін алған. Қазір ол жасаған әрекетіне қынжылатынын мойындағанымен, бірақ ештеңені түзете алмайсыз», — дейді психолог.
Тағы бір оқиға бойынша, ұл бала қыздармен араласуға ұялып ер баламен «достасқан». Психологтың айтуынша, ата-аналар мұндай оқиғалардың алдын ала білуі керек.