Жаңа жылға бірнеше сағат қалды. HeadHunter компаниясы сауалнама жүргізу арқылы қазақстандықтардың Жаңа жылды қалай қарсы алатынын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сауалнамаға ел бойынша 1038 адам қатысты. «Саулнамаға қатысқан қазақстандықтардың 73% Жаңа жылды үйде, отбасымен атап өтуді жоспарлап отыр. 9% туыстарына немесе достарына барады. 5% Жаңа жылды жұмыс орнында қарсы алады, ал 3% Жаңа жыл түнін басқа елде өткізуді жоспарлаған», – дейді компанияның маркетинг және PR менеджері Дана Қасымова.
Сауалнама қатысқан кейбір респонденттер бұл мейрамды атап өтпейтінін, ал басқалары «тышқан жылын» достарымен мейрамханаларда, тауда, Бурабайда және басқа жерлерде тойлайтынын жеткізді. Қазақстандықтардың жаңа жылдық көңіл-күйінің көтеріңкі болуы жақын және қымбат адамдарына байланысты. Жаңа жылдық мерекенің атмосферасын қала көшелеріндегі гирляндтар, жауған қар мен мандариннің иісі арқылы сезінуге болады. Респонденттердің 5% жаңа жылдық көңіл-күйді өздері қалаптастыратынын айтты. Сондай-ақ, олар өзгелерден марапат пен игі іс күтетінін де жасырмады.
«Сауалнамаға қатысқан адамдардың 41% «Жаңа жылды қалай атап өтсең, жыл солай өтеді» деген ырымға сенеді. Сондықтан қазақстандық отбасылар Жаңа жыл мерекесін ерекше дәстүрге айналдырған. Бірі Жаңа жылды отбасымен, ата-анасымен бірге қарсы алса, енді бірінің отбасында Аяз Ата сыйлықты шыршаның емес, жастықтың астына қалдырады. Кейбіреулер ескі жылдың соңғы минутында тілегін айтады», — дейді Дана Қасымова.
Келесі жылға арналған мақсаттар мен жоспарларға келетін болсақ, қазақстандықтардың 11% жаңа жылда жаңа жұмыс орнын тапқысы келеді. 11% шетелге шығуды жоспарлап отыр. 10% жаңа дағдыларды меңгергісі келеді. 8% пәтер сатып алуды және шет тілдерін меңгеруді армандайды.