«Әйелдің төрт рөлі бар»

434

Газетіміздің 27 қарашада жарық көрген №48 санындағы «Талақ» айтып, ертеңіне кешірім сұрайтын күйеуімнен шаршадым» тақырыбымен хикая жарияланды. «Тағдыр» айдарында жарияланған хикаяда редакциямызға хабарласқан оқырманымыздың басындағы жағдайды баяндадық. 32 жастағы әйелдің айтуынша, отбасында аз-кем түсінбеушілік туындаса болғаны, күйеуі бірден талақ айтуды әдетке айналдырыпты. Ол алдын бұған мән бермей келіп, кейін бұл сөздің төркінін түсініп, ойлана келе қазір күйеуінен бөлек тұрып жатыр екен. Жан дертімен бөліскен кейіпкеріміз «Оңтүстік Рабат» газетін тұрақты оқиды. Осылайша, өз хикаясын баяндай отырып, «Психолог бұрышы» және «Имам сөзі» айдарлары арқылы басындағы жағдайға қатысты кеңес алғысы келеді. Хикаяны психологтарымызға айтып, имамдардан пікір алып, екеуінің жауабын қаз қалпында жариялап отырмыз.

Сәлеметсіз бе! Хатты толығымен оқып шықтым. Оқып болған соң, көкейімде хат иесіне бірнеше сауал туындады. Ең біріншісі, сіздің әкеңізбен қарым-қатынасыңыз қандай еді? Әкеңіз болды ма, есіңізде ме? Егер есіңізде болса, әкеңізбен араларыңызда бір-біріңізге деген сыйластықпен қатар жақсы көру сезімі қандай деңгейде еді?
Бұл тақырыпта осы жағдайдың жауаптары да өте маңызды болып келеді. Сосын бірінші күйеуіңізбен қалай қосылдыңыздар, ол сізді алып қашып кетті ме, әлде келіскен тұрғыда отбасын құрдыңыздар ма? Тек соның таңдауымен өмір сүрдіңіз бе?
Бұл мәселе де маңызды.

Әйел адамның өмірінде төрт рөлі болады. Бұл төрт рөлі әр әйелге әрбір кезде алмасып келіп отыруы мүмкін. Негізінен – ана болу дегеніміз, «мынаны іштің бе, жедің бе, мынаны киші» деп анасы сияқты қамқорлық көрсету. Болмаса жұмсау, немесе ұрсу, «мынауың не, бұлай жасағаның дұрыс болмады, сен олай айтпа, ол жақсы емес» деген сияқты ана рөлінде бағыт беру, ұрсу, сынау – мұның барлығы ананың рөлі болып келеді.

Ал келесі рөлі – Патшайым сияқты болу. Бұл – өзін-өзі бағалай алатын, өз дегенін дұрыс деп есептейтін бағыттағы адамдар. Бұл жерде ер азаматтан өзін жоғары санауы болуы да мүмкін.

Келесі рөлі: бұл – нақсүйер. Өте бір ойнақы қылықтары бар, киім-кешекті әдемі киетін, сәнденіп жүретін, өзіне көбірек мән беретін, еркелейтін әйел – ер азаматтың нақсүйері рөлінде болады.
«Сіз осы рөлде бола аласыз ба» деген сұрақ туындайды.

Ал төртінші рөл жас қыз сияқты еркелеу, қыз сияқты әдемі қылықтарымен, әдемі сөздерімен ер азаматты баурап алу.
Бұларды тізбектеп айтып жатқан себебім, сіз осы рөлдердің қайсысын өміріңізде көбірек пайдаланасыз? Қайсысын пайдаланғаныңызда күйеуіңізбен қарым-қатынасыңызды жақсартады? Алдымен ойланып, осы сауалдарға іштей өз-өзіңізге жауап беріңіз.
Сіз өзіңізге көбірек мән беріп, өзіңізді бағалау, өзіңізді қабылдау – дұрыс болса, бәрі дұрысталарын айтар едім.
Сіздің күйеуіңіз жайлы «Оның әйелге сенбеуінің сыры неде?» деген сұрағыңыз да және оның әйел затына деген сенімін қайтарсам, деген ойыңыз да орынды. Бұл жерде көп нәрсе өзіңізге де байланысты екенін баса айтқым келіп отыр.
Ол сізге «Неге телефонды көтермейсің, видеозвонокты қойып қой» дегенде, оның айтқанын қалт жібермей орындау арқылы көбіне-көп оның алдында ақталғыңыз келетін сияқты. Мұны эмоциалды тәуелділік деп атайды.
Ақталып, өзіңіздің адал екеніңізді дәлелдегіңіз келетін сияқты.
Мұнда сізге «сүйтіңіз, бүйтіңіз!» деп нақты кеңес айтудан аулақпын. Бірақ «кешірім бермей жүрмін» дегеніңізге қарағанда сіз расында да өзіңізді бағалай аласыз.
Әр адамның жеке көзқарасы болады. Күйеуіңіз қатты кеткенде, «мұндай қарым-қатынас қажет емес» деп ол адамға кешірім бермей жүруіңіздің өзі сіздің өз қажеттілігіңізді білетініңізді көрсетеді.
Өзіңізге әйел ретінде сенесіз бе, өзіңізді «кіммін» деп ойлайсыз және өзіңіз нені қажет етсіз?
Осы бағытта өз-өзіңізбен көбірек жұмыс істеу қажет. Сіз әйел ретінде, ана ретінде, әріптес ретінде өз рөліңізді қалай сезінесіз?
Жалпы өзіңіздің қабілетіңіз бен мүмкіндіктеріңізді, қажеттіліктеріңізді шын мәнінде білесіз бе? Сіз қанша жерден «күйеуіңізді дұрыстағым келеді» дегеніңізбен, күйеуіңізден гөрі алдымен өзіңіздің өзгергеніңіз дұрыс.
Сіз оған әйел бола білуіңіз керек.
Әйел адамның кейде ана, кейде патшайым, кейде нақсүйер болады, кейде кішкентай қыз болатын түрлі рөлдері бар.
Осы рөлдердің қайсысы ер азаматыңызбен қарым-қатынасыңызға тура келеді? Қайсысымен көбірек өмір сүріп жатсыз? Ең бастысы, назарды осыған аударыңыз. Тек назар аударып қана қоймай, сол бағытта жұмыс істеңіз. Содан кейін сіздің өміріңізде өзгеріс пайда болары анық.

Ербол Қалшабеков, Қаратау аудандық «Байғұт баба» мешітің наиб-имамы:
– Отбасы – өзінше бір мемлекет іспетті. Оның іргетасы өзара түсіністік, бауырмалдылық және сүйіспеншілікке құрылғаны жөн. Сонда ғана іргесі берік отбасы болмақ. Бірақ кейде бақыттан гөрі қасіретке, шаттықтан гөрі қайғыға айналуы мүмкін. Мұндай кездері ерлі-зайыптылар арасында мəселені шешуге тырысу керек. Десе де, Асыл дінімізде себепсізден себепсіз ажырасуды құптамайтынын да айта кету керек.
Ерлі- зайыптылар арасында пайда болған мəселені анықтап, оны оңды шешуге тырысу керек. Алла Елшісінің (С.А.У) хадисінде : «Рұқсат берілгендердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы: ол – Талақ», деп, жөнсіз ажыраспауға үндеп отыр.
Дінімізде Талақ ету құқығы:
Тікелей отағасына ғана тəн. Əйел кісіге талақ ету мүмкіндігі берілмеген.
Мұнда да талақ айтуға маңызды себептер болуы шарт.
Алла Елшісінің ( С.А.У) мына бір хадисінде «Қайсы бір əйел ешқандай залал көрмесе де күйеуінен Талақ сұрайтын болса, ол əйелге Жаннаттың иісі –Харам» делінген. Сондықтан да болмашыға «кетемге» басып, ажырасуды көздеудің күнə екенін естен шығармаған жөн.
Шариғатта үш түрлі Талақ ету жолы бар:

1) «Ражғи Талақ»
Қайтарып алу Талағы .
Мұндай жағдайда ері əйелін өзінің қарамағына үш етеккірі келмей жатып қайтара алады .
2) «Байын Талақ»
Кіші айқын Талағы .
Бұл əйеліне бір немесе екі талақ беріп, үш етеккірі мерзімінде қайтара алмаған болады. Мұндай жағдайда ері əйелін қарамағына қайтару үшін əйелдің разылығына, рұқсатына тоқталады жəне жаңадан неке қиылып, Мəhр сыйы тағайындалады. (Мəhр сыйлығы күйеу жігіттің үйленетін қалыңдығына беретін жеке сыйы – ред.)
3) «Үлкен Байын Талақ»
Үлкен айқын Талағы.
Бұл əйеліне үшінші талақты берумен болады.
Мұндай жағдайда əйел ерінің қол астынан толығымен шығып, бөгде адамға айналады. Бірақ сол əйеліне қайта үйлену мəңгілікке харам болып қалмайды .
Тек қана əйелі басқа біреуге тұрмысқа шығып, ол екінші күйеуі өз еркімен ажырасқан жағдайда немесе қайтыс болып, əйелдің «идда» ( күтетін мерзімі) мерзімі аяқталса, сол кезде ғана жаңадан неке қиып, өз қарамағына қайтарып алады .
Жаратқан Иеміз Алла Тағала
Құранда Ниса сүресінің 19-аятында:
«Əйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды жек көретін болсаңдар, (ұмытпаңдар) Алла сендер ұнатпаған нəрсеге көп жақсылық болуы да мүмкін» делінген.

«Оңтүстік Рабат», №50, 11 желтоқсан 2019 ж