2020 ЖЫЛҒА – 2200 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХПЕН

487

2019 жылдың 9 желтоқсаны. Шымкент қаласының тарихи жылнамасына таңбаланар датаға айналған күн. Осы күні Беларусь Республикасының Брест қаласында «Брест – ТМД елдерінің 2019 жылғы мəдени астанасы» іс-шарасының жабылу салтанаты өтті. Сол салтанатты кеште келер, яғни «ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы» атағы Шымкент қаласына берілді.
Ресмилегенде, Брест қаласы ТМД-ның мәдени астанасы эстафетасын Шымкентке ресми түрде табыстады.

Осылайша биылғы желтоқсанның алғашқы он күндігі Шымкентке қатысты екі бірдей үлкен жаңалықпен басталды. Дәлірегі, апта бұрын Парижде ЮНЕСКО-ның 40-шы Бас конференциясы өтіп, сол конференцияда ортағасырлық Шығыс ғұлама ойшылы әрі ғалымы Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын және Шымкент қаласы негізі қалануының 2200 жылдық меретойын келесі жылы атап өтілетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізу жөнінде арнайы қарар қабылданған еді.
Шымкенттің мәдени астана мәртебесін ресми қабылдап алуға Шымкент әкімдігінен арнайы өкілдер қатысты. Делегацияны Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай бас-тап, Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева қостап барды.
Салтанатты кеш өтер алдын ТМД Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының отырысы өтіп, Брест қаласында Достастықтың мәдени астанасы ретінде атқарылған жұмыстары сараланып, оның қорытындысы талқыланды. Медиа өкілдеріне баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, қонақтар «Брест қорғаны» мемориалдық кешеніндегі Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды
Кешкісін Брест академиялық драма театрында «Брест – ТМД елдерінің 2019 жылғы мəдени астанасының» қорытынды жабылу салтанаты өтті. Мерекелік концертке ТМД елдерінің үздік өнерпаздары қатысты.

Бұған дейін де Қазақстан қалаларының бір емес, екеуі бірдей «ТМД елдерінің мәдени астанасы» атағын иемденген. Сонымен ТМД, яғни Достастық елдерінің мәдени астанасы дегеніміз не? Әр жылы қаладан қалаға көшіп жүретін мәртебенің эстафетасы қашан және қалай басталды? Аз-кем тарихқа үңілейік…
«Достастықтың мәдениет астаналары» мемлекетаралық бағдарламасының жобасы 2010 жылы Минск қаласында қабылданды. Сол кезде Беларусь астанасында ТМД-ға мүше-мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық саласының жетекшілері кездесіп, кеңес өткізді.
2012 жылы Ашхабадта өткен ТМД елдері басшыларының кеңесінде «Достастықтың мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламасы бекітілді.
Бұл бағдарлама ТМД-ға мүше-мемлекеттердің қалаларын таныту, потенциалын көрсету, бай тарихи мұрасын көпшіліктің назарын аударуға бағытталған.
«ТМД елдерінің мәдени астанасы» атану сертификатын алғаш болып Беларусь Республикасының Гомель және Ресейдің Ульяновск қаласы алды.
2012 жылы сол кездегі Астана (бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы-ред.) қаласы мен Түркіменстанның Мары қаласы «ТМД елдерінің мәдени астанасы» атанды.
Ал 2013 жылы бұл атақ Әзірбайжанның Габала, Арменияның Гюмри және Беларустың Могилев қалаларына берілді. Үш қала эстафетаны қабылдап алды.
2014 жылы «ТМД елдерінің мәдени астанасы» мәртебесі Алматы мен Қырғыз Республикасының Ош қаласына тиді.
Келер, яғни 2015 жылға Ресейдің Воронежі мен Тәжікстанның Куляб қалалары қабылдады.
2016 жылы Түркіменстанның Дашогуз қаласы – ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болды.
2017 жыл бұл мәртебе Әзірбайжанның көлемі жағынан екінші үлкен қаласы Гянджаға өтсе, 2018 жылы Арменияның Горис қаласы қабылдады.
2019 жылға бұл эстафета Беларусь Республикасының Брест қаласына табысталды.
Енді міне, күні кеше Брест қаласы эстафетаны Қазақстанның республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие Шымкентке өткізді.
Келер 2020 жылы – Шымкент қаласы «ТМД елдерінің мәдени астанасы» атанып,
2021 жылы Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбеге береді. Эстафета әрмен қарай Қырғызстанның Қаракөл қаласына жалғасады.

Мінеки, бәрін болмаса да тақырып айналасында жүргендерді шулатып, соңғы бір жылда Шымкент әкімдігінің аузынан түспеген «ТМД елдерінің мәдени астанасы» мәртебесі де келіп жетті.
Ал сіз бұған дейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының «ТМД елдерінің мәдени астанасы» болғанын білесіз бе? Есіңізде ме?

«Оңтүстік Рабат», №50, 11 желтоқсан 2019 ж