Той-бизнесінде бәсеке баршылық. Бұл бәсеке Оңтүстікте әсіре байқалады. Бұған өзіміз барып, көрген той да, әлеуметтік желі, мессенджерлерде тарап жатқан түрлі той видеолары дәлел. Тойдың сәнін кіргізіп, әрін ашатын бір кәсіп иелері болса, ол – асабалар. Олардың да арасында сан түрі бар. Есімі танылып, дауысын естіген жұрт жазбай танитындары, той әлеміне енді-енді еніп, нарықтағы орнын табуға кіріскені де, талай жылдан бері тойда жүріп, ортанқол қалыптан шықпағандары да жетерлік. Бір жайт анық. Ол – сол асабаның атақ-даңқына қарай белгіленетін бағасы. Сонымен бүгінгі той-бизнес дүркіреп тұрғанда асабалардың табысы қанша? Шығыны қандай? Бұл сауалдарымыздың жауабын асабалардың өзінен сұрадық.
«Этикадан ада асаба алысқа бармайды»
Оңтүстік, тіпті Қазақстанға танымал, еліміздің түкпір-түкпірінен шақырту алатын асабалардың бірі – Фархад Балқыбекұлы. Телеарнада танылып, эфирдегі қызметін той төріне алмастырған Фархад асабамен хабарласып, кәсібіне қатысты сұрағымызды жаудырдық. Фархад асаба той таңдай ма? Оны басқа асабалардан ерекшелейтін қабілет-қарымы қайсы?
«Дана халқымызда «Той – халықтың қазынасы» деген сөз бар. Бүгінде тойдың түрі көбейді. Әйткенмен, той таңдаған емеспін, өйткені талантты адам кез-келген салада өнер көрсете алады. «Өнерлінің өрісі кең» десек, өнерлі адам қашан да көптің құрметіне ие болары сөзсіз. Тойды таңдап басқармаймын. Белгілі асабалар қатарынан көріп жатқаным да содан болар. Асабалыққа келер алдын студент кезімнен бастап, бірнеше салада жұмыс істедім. Журналистикада қызмет еттім, баспа үйінде де, телерадиода да еңбек еттім. Радиода ди-джей, жүргізуші, телеарналарда редактор, тележүргізуші, жоғары оқу орындарында оқытушы болдым. Содан кейін асаба кәсібіне бет бұрдым. Оның алдын да көптеген концерттерді жүргіздім. Сондай сән-салтанаты келіскен жиындарды жүргізе келе той-думанда асаба болуға өттім. Бұл саланың мағаны қиындығы жоқ. «Басқа асабалардан ерекшелігім» дейтін дүниелерді айтуға бола ма, болмай ма, білмеймін. Дегенмен де бірқатар артықшылығымның қатарында тойға сценарий жазу, режиссура, дауысқа ерекге мән беру, жаңа шоу-лар жасауға ұмтылысым, шәкірттер дайындауым, продюссер болуымды қосуға болатын шығар».
Ел ішінде асаба болу – жеңіл ақша табу көзі, деген бір түсінік бар. Фархад Балқыбекұлынан осы түсінікке қатысты көзқарасын және асаба бола жүріп, сұранысқа ие болу, гонорарын өсіру үшін қалай, қай бағытта даму керегін де сұрадық.
«Дана билерімізден «Қол бастау қиын ба, жол бастау қиын ба, жоқ әлде сөз бастау қиын ба» деп сұраған екен. Сонда «Бәрінен де қиыны – шаршы топта сөз бастау қиын. Біліп айтсаң – береке қылады, білмей айтсаң – келеке қылады» деп жауап берген екен. Сөзіңіздің жаны бар. Біреулер ақша табу жолында сөздің қадірін кетіріп, не өзіне емес, не өзгеге емес, тірліктер жасап жатады. Ел алдында үлкен жиынды басқарып, даналық пен даралықты сақтай отырып, асаба болу – бұл көшті бастаумен тең. Кейбір той-жиындарда жаңадан шыққан, ешкімнің ойын тыңдамай, біреуден үйренуді ар санайтын жас асабалардың үлкен кісілер алдына шығып, 5-6 жаттап алған сөздерін көлгірсініп сөйлегенін көргенде, ойланып қаламыз. Асаба болу – үлкен жауапкершілік. Өнер адамдарын өсіретін де, өшіретін де халық десек, жұрт өз таңдауын жасап алады. Бұған уақыт емші. «Қазір былай жасау керек» деп айтқанмен бұдан өзгеретін дүние шамалы ғана екенін айтқым келеді. Қазір бәрі ақылды. Асаба сұранысына келсек, сұранысқа ие болу үшін нақты бір даму бағыты жоқ. Бірі әзілмен, бірі ойынмен, бірі қара сөзбен, енді бірі өлең сөзбен жүргізіп, сол бағыттағы асабаны іздейд. Бұл әр асабаның өз стиліне байланысты. Асаба өз бағасын көтеру үшін ең алдымен білімін, тәжірибесін, адами құндылығын қалыптастыруы қажет. Сонда ғана жақсы асабаға айналады. Абыройы да, бағасы да көтеріледі. Ел ішінде жүріп, кейде-кейде енді асаба болуды үйреніп келе жатқан асабалардың 20 жылдық тәжірибесі бар адам сияқты кішілік танытып емес, кісілік көрсетіп сөйлегенін естиміз. Бұл оның адами этикасын көрсетеді. Әйткенмен, сондайлардың алысқа шаппайтыны мәлім екенін бәріміз білеміз».
Фархад асаба өзі жүргізетін тойларында оған қандай талап қойылады? Гонорары қанша?
«Көптің алдында жүргенім себепті де мені біразы жақсы таниды. Сондықтан да той иелері үлкен сенім артады. Тойларының жан-жақты, жаңаша үлгіде өтуін сұрайды. Мен талапқа қарай жұмыс істеймін. Шоуды да, тойды да жүргізе беремін. Осы саланың маманымын, өйткені, филология, журналистика, теле-радионың өзі де шоу мен тойға тікелей қатысы бар. Жалпы асаба болып қалыптасып, тойда жүргеніме 10 жылдан асыпты. Бұрындары «Мен асаба болмаймын» дейтін едім. Кейін асаба кәсібінің де елмен жақын екенін біліп, түсініп, асабалыққа бет бұрдым. Табысыма келсек, еңбекақымның қанша екені туралы сұрақ қойылуын дұрыс санамаймын. Ел адамы болған соң «Мен осынша табыс табамын» деп айта алмайсың. Дегенмен әр кезде әр қалай болып жатады. 50 мың төлейтін концерттер болады. Ал тойдағы гонорарым 100-150 мың теңге шамасында. Кейде тіпті, еңбегіме сай бұдан да жоғары еңбекақы алатын кездер болады. Той көп болса көп, аз болса аз, халық өзінің ниет еткенін беріп жатады. Соны мақтан етіп айтсақ, басқалар тарапынан сынға ұшырап жатамыз. Ең бастысы – халықтың бірлігі мен берекесі. Ақша қуған адамның сол ақшаға жеткенін көрмедік. Ең әуелі қарапайым болмысымызды сақтаған дұрыс».
«Сұраныс бар жерде сапа да маңызды»
Келесі кейіпкеріміз – Ғалымжан Кенжебек. «Отырар ТV» телеарнасының тілшісі, диктор. Ғалымжанның той әлемінде жүргеніне 3 жыл. Өңірге танымал тележүргізушінің айтуынша, ол көбіне көп арнайы кештер мен түрлі нысандардың ашылуына шақырту алады екен. Мұның да себебі бар.
«Республикаға белгілі Отырар TV телеарнасының қызметкері болғандықтан да арнайы жекеменшік дүкендер, компаниялармен көп жұмыс істеймін. Олар өздері танып-біліп қалған адамдармен серіктестікте қызмет еткенді дұрыс көреді. Мұндай ашылу салтанатын жүргізу көп уақытыңды алмайды. Ары кетсе бір сағат кетеді. Бірақ, соның өзінде үлкен еңбек бар. Еңбегіме қарай 35-40 мың теңге көлемінде ақы аламын. Десе де мұны той жүргізуден бастадым. Арасында тойларға да тапсырыс қабылдаймын. Сол жерде 5-6 сағат тікеңнен тік тұрып қызмет етсем де еңбегімді 40-50 мың теңге шамасына бағалаймын. Жаңажылдық кештерге де осы сома шамасында келісемін. Бұл – менің негізгі гонарарым. Әрине бақуатты адамдардың тойына шақырту алғанымда талаптарына сай еңбекақым да өседі».
Осы тұста біз Ғалымжаннан той иелері асабаларға қандай талап қоятынын сұрадық.
«Қазір адамдар сауатты. Көңілінен шығу өте қиын. Бір тойды жүргізіп қайтқанда сол тойдың өзінен кемі үш адам келіп ұсыныс тастамаса, еңбектің бекер кеткені. Біз өз еңбегімізді адамдардың сені қажет етіп келгенінен бағалаймыз. Демек, мен сол жерде елге өтімді бір нәрсе бере білдім. Мәселен, қазір «оң қолыңды көтеріп, жаныңда отырған адамның иығына қой, оның арқасын уқала», «тойхананың ана бұрышынан мына бұрышына дейін жүгіріп кел» деген сияқты арзан әзілдер өтпейді. Алдымен тойға келетін аудиторияңды зерттейміз. Оларға ненің көбірек ұнайтынын, сәйкесінше ненің ұнамайтынын да білуің шарт. Асаба тойға келген адамдардың бәрін ойынға тарта білгені дұрыс. Ішіп-жеп отырып-ақ, көңіл көтеруілері үшін соған сай арнайы ойындар іздеп тауып, мейлінше ортасына ерекше әсер сыйлай білу керек. Өйткені, қазір бәсеке көп. Бәсекеге қабілетті болсаң ғана сол ортада қаласың, қабілетсіздерді халық өзі-ақ шетке ысырып салады. Асаба болған соң той иелерінің талабына сай жұмыс істейміз. Мысалы, мақтансүйгіш адамдар болады, және өзінің кімдермен аралас-құралас екенін көрсеткісі келетін жандар да бар. «Мен бұлай жасай алмаймын» демейсің. Киіміңе қатысты талап қоятын адамдар да кездеседі. Енді сұраныс бар жерде сапа да маңызды. Сондықтан, әрбір адамның көңілін тауып, халық алдында олардың қадірін кетірмей, керісінше мерейін өсіру де бізге артылған жауапкершілік болғандықтан, асабалық – ең жауапты кәсіп».
Сондай-ақ, «асаба болу – ақша табудың оңай жолы» деген түсінікке қатысты Ғалымжанның пікірі қандай екен? Сұраныстан шет қалмау үшін өзін қалай дамытады?
«Асаба болу – ақша табудың оңай жолы» дегенмен келіспеймін. Мүлдем, бұлай емес. Мен ел алдын да асабаның жауапкершілігінің қаншалықты жоғары екенін айтып отырмын. 300-400 адамды аузыңа қаратып, той басқаруың өзі қандай қиын? Сырттай қараған адамға оңай көрінетін шығар. Бірақ, «жоғарыдағы себептерді оқыған соң оқырмандарыңыз өзі түсініп отыр» деп үміттенемін. Халық сұранысынан қалып кетпес үшін әрине көп ізденуіміз шарт. Қазір «әлеуметтік желі» деген тамаша нәрсе бар. Соны оң бағытта көбірек пайдаланамын. Алдыңғы буын ағалардың ұтқыр ойлы, өтімді сөздерін тыңдап, есімде сақтап жүремін. Бірде болмасын, бірде пайдасы тиері анық. Міндетті түрде кітап оқып, жарасымды әзілдерді іздеп жүреміз. Сөз соңында бір нәрсе айтқым келеді. Қазір жоғары билікті отырғандардың көбі тойға реформа жасау керегін көп айтады. Іс жүзінде дәл солардың өзі бір той жасаса аста-төк ысырапқа жол береді. «Сондықтан өздері жасай алмайтын нәрсені халыққа айтпаса екен» деген тілегім бар».
«Асаба болу – ең алдымен той иесінің сенімі»
Оңтүстік жұртында көптің көңілінен шығып жүрген қос асаба Жандәулет пен Көмекке де сұраныс жоғары. Олар жүргізген тойларында бәрін қамту үшін бірлесіп жұмыс жасауға келіскен. Жандәулет Айтуарұлының той индус-триясында жүргеніне 5 жылдан асса, Көмек Ертаевтың осы салаға қадам басқанына екі жылдай уақыт болыпты. Жандаулет мəдени бағытта, салмақты, қазақ əдебиетімен шешендік өнерімен сөз кестелесе, Көмек керісінше көңілді, қызықты ойындар ұсынып, жайдарлы əзілін алға тартады. Есесіне халық əзілге сүйсіне отырып, сүбелі сөзге көңіл аударады. Жас асабалардың айтуынша, қазір дəстүрлі əдеби бағытта той жүргізу аудиторияға өте бермейді. Қонақтарды жалықтырып алуың да мүмкін.
– Асаба болу үшін адам бойында ең алдымен жауапкершілік болуы шарт. Ол қуаныш иесінің тарихи күндегі аманатын алып жатқанын сезінуі қажет. Әрбір іске асқан жауапкершілікпен мұқият дайындаламыз. Адам бойында шамалы дарын болғаны да керек. Қалғанының барлығы тынымсыз еңбекпен келетін дүние. Инемен құдық қазатындай іс. Қазір бәсеке өте көп. Сондай ортада тынымсыз ізденіс пен еңбектің нәтижесінде ғана қалуың мүмкін. Басқаша болмайды да. Біздің ұстаным – той мəдениетінің төмендеуіне жол бермеу, көңілге тиер əзілдер айтпау. Ойын-дар қонақтардың жас ерекшелігінен бастап барлық жағынан толық зерттеліп барып анықталуы тиіс. Тойшыл қауымға ерекше көңіл-күй сыйлау басты міндет. Бұл моралдық тұрғыдан да қиыншылығы басым кәсіп. Оңай жұмыс жоқ. Киімнен бастап үстіңдегі қымбат əтірге, шаш үлгіңізге дейін ел қарайтын болғандықтан сахнадағы келбеттілігің үшін ақшаны аямау қажет. Әр мерекелік кеш сайын жаңа киім алып, сол кешке лайықты киінуді талап ететіндер бар. Олардың талғамын дөп басып, көңілінен шығу үшін барымызды аянып қалмаймыз. Соған сай қазір бір тойға 70 мың теңге гонорар аламыз. «Алдағы уақытта еңбекақымызды көтерсек» деген ойымыз бар. Өйткені, сұраныс өте жоғар және де бір емес, екі асаба қатар шығамыз. Музыка әрлеушісі, кәсібилік, білім мен біліктілік, көз тартар киім мен жоғары талғамды ескерсек, бұл – төмен баға. Жоғары сапаға төмен баға ыңғайлы-ақ. Бірақ, біз де еңбегіміз бен шығынымызға сай қызмет етуіміз керек,-дейді Жандәулет Айтуарұлы.
Ал Көмек Ертаев екі бағыттағы асаба болу той барысында көптеген қиыншылықтарды алдын алып, барлық аудиторияға ұнау мүмкіндігін беретінін айтады.
— Жандәулеттің той саласында жүргеніне 5 жылдай болған. Менімен салыстырғанда оның тәжірибесі көп. Ал мен мектепте және университетте Жайдарман ойнадым. Осылайша әзілге жақын болдым. Бір күні Жандәулеттің тарапынан Жайдармандағы әзілдерді тойға енгізу жағынан ұсыныс түсті. Мен де қабыл алып, осылайша екі бағыт таңдалды. Алғашында асаба болуды түсіну оңайға соқпады. 3-4 тойдан кейін барып бір-бірімізді түсініп, дуэт құруды үйрене бастадық. Қазір бір-бірімізді ым-ишарамен ұғамыз. Қос асаба болып шығуымыздың бір себебі – халық жаттанды асабалардан шаршап кеткен. Барлық тойда тек жаттанды сөздерін ғана айтатын асабалар туралы тіпті алдын-ала «қазір мынау осылай деп айтады» деп біліп отырады. Бұл енді өте ұят жағдай. Сондықтан әр тойдың ерекшелектерін ескеріп, адамдарды тойдан қайтқысы кеп отырған көңіл-күйін керісінше қалғысы келіп, тойдың ұзаққа созылғанын қалайтындай қылып жүргізсек, бұл – әрине жетісік. Осы себептен де біз екі бағыттағы адам бірлесіп жұмыс жасаймыз. Тойда түрлі адамдар болады. Мысалы үлкен жастағы ата-апаларға ортаға шығып, ыржалақтап, әр нәрсені бір айтсаң, жақпай қаласың. Олар алғашқы 1-2 әзілге күліп «әй, жарайсың» деп қоюы мүмкін. Содан көбейе бастағанда жаныңа арнайы келіп, «Не болды мына жерде өз алдыңа лағып тұрсың, сәл әдепті бол, өз тойыңды жүргізіп тұрған жоқсың!» деген сияқты сөздерін айтып кетеді. Бұл – асабаларға әрине қиын жағдай. Жандәулеттің салиқалы, салмақты сөздері үлкен жастағы кісілерге ұнайды. Олар той ортасында келіп, арқасынан қағып, алғыстарын білдіріп кетеді. «Тамаша сөйледің, сөз қадірін түсінетін бала екенсің» деп өз ой-пікірлерін білдіреді. Ал жастар тойға келген соң, күліп ойнағысы келеді. Оларға менің әзіл аралас сөздерім көбірек ұнайды. «Мына жерде қатырдың, осылай жалғастыра бер» деп ризашылықтарын білдіретін жастарды көргенде өзіміз мәз болып қаламыз. Сондықтан да біз аудитория-ны толық қамту мақсатында бірлесіп жұмыс істейміз. Мұның тек пайдасын көріп келеміз. Алдағы уақытта бәсекеге қабілетті болу үшін барымызды салып ізденіп, еңбектенетініміз анық. Өйткені бұл – біздің нанымыз,-дейді Көмек Ертаев.
Мінекей, қадірлі оқырман, той асабаларының айтары осы. Ал сіз тойыңызға қандай асаба шақырасыз, тойға барғанда асабаның қай қырына көбірек мән бересіз? Редакцияға хабарласып, хат жазып, ой-пікір айтыңыз.
Жанерке ХУМАР
«Оңтүстік Рабат», №50, 11 желтоқсан 2019 ж