Бүгін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Вице-министр қаладағы медициналық ұйымдардың медициналық сақтандыру жүйесіне дайындық жұмыстарымен танысты.

Камалжан Талғатұлы онкологиялық орталықтағы емхананың электронды қызметтерімен танысып, орталықтың цифрландыру жүйесі бойынша жұмыс істеу қарқынын байқап көрді. Мұнан соң қалалық перинаталдық орталыққа ат басын бұрып, ситуациялық орталықтың жұмысымен танысты. Ситуациялық орталықтағы бірыңғай жүйе арқылы перзентханадағы мамандар жүктілікпен есепте тұратын азаматшалардың денсаулық жағдайын бақылап отырады. Бұл жүйе арқылы мамандар ана мен бала өлімін азайтып, шұғыл көмекті қажет ететін аяғы ауыр әйелдерге дер кезінде медициналық көмек көрсетпек.

Мұнан соң, Камалжан Надыров перзентханадағы тренинг орталықтың жұмысымен танысты. Бұл орталықта акушер, гинеколог, неонатолог, реаниматолог сынды мамандар алғашқы медициналық қызмет көрсету бойынша біліктіліктерін арттырады. Тренинг орталығының жұмысын вице-министр жоғары бағалап, дәріс беретін мамандарға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ жұмыс сапыр барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров №3 қалалық емхананың жұмысымен танысты. Бұл емханада мамандар 100 пайыз цифрландыру жүйесі бойынша халыққа медициналық қызмет көрсетеді.