Депутаттар Түркістан облысындағы 20 мектеп-интернат тәрбиеленушілерінің тамағы мен аспаздардың жалақысына алдағы жылға қаралған 1 млрд. 600 млн. теңге ірі емес, жеке кәсіпкерге берілуіне қарсы. Олардың келіспейтін тұсы — Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы жобаларға конкурстың жабық болуы.
Талғат Баймаханов, облыс мәслихатының депутаты: «Айқайдың барлығы — конкурс дұрыс жарияланбаған. Бір кісі шығып өзі ұтып алды. Артында бір адам бар. Он жылға мемлекеттік-жекешілік әріптестік бойынша егерде міндеттерін орындамаса жауапқа тартуға болады ғой».
Өңірдегі мектеп -интернаттарындағы асхана жұмысын ұйымдастыру құқығын жеңіп алған инвесторға да сөз берілді. «Екінші рет қарап жатқандарыңа рахмет. Асхананың тозығы жеткен Кеңес Одағынан бері жабдықтары жаңаланбаған» деді өз сөзінде.
Осыдан кейін, мемлекеттік-жекешелік әріптес жобасына қатысушының бұл мәселесі сессияның күн тәртібінен алынып тасталды. Депутаттар мердігердің материалдық-техникалық базасын жіті зерттеген соң бұл мәселеге қайта оралатын боп келісті.
Осылайша, интернат балаларының келер жылы қандай ас ішері әзірге белісіз.
Шынар Оразова