Гүл дүкеніне барсаңыз, сондағы хош иісі жанымызды рахат күйге бөлеп, еріксіз жадыратыны бар. Күлтелерінің сұлулығы көздің жауын алып, барлығы ұнап, ішінен қайсысын таңдарымызды түсінбей жатамыз. Бұл енді топырақта өсіп, сатуға шығарылған тірі гүлдердің жайы. Сонымен қатар қағаздан, металдан гүл жасап, таң-тамаша ететіндерді де көреміз. Таяуда ғана редакциямызға хабарласқан оқырманымыздың матадан гүл жасайтынын білдік. Түрлі-түсті лентадан жасалған гүлдердің тірі гүлден айыру қиын. Тіпті қолмен ұстап, сезбесеңіз мата гүл екеніне сену қиын. Бүгінгі мақаламызда матадан гүл жасайтын Жанат Сауырбаеваны таныстырамыз.

Жанат Бекжанқызы Төлеби ауданының Екпінді ауылында туған. 20 жылдық еңбек өтілі бар кітапханашы. Бүгінде Абай Құнанбаев атындағы Шымкент қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде қызмет етеді. Жасы 50-де.
Ол бала күнінен түрлі заттарды құрастырып, содан басқа зат жасауды хоббиіне айналдырған. Айтуынша, осы бір ерекше қасиет оған анасынан беріліпті.

«Кішкентайымнан табиғатты сүйіп өстім. Табиғаттан сұлу ештеңе жоқ. Әсемдікті жаным қалайтын. Сол әсемдіктің нағыз символы: табиғаттың ерекше сұлу, нәзік жаратылысы – гүлдер. Есімді білгелі гүлдерге ерекше қызығушылықпен қарап өстім. Әрбір гүлдің қасиетіне таңырқап, бойыма сіңірдім. Гүлге жаным құштар болды. Тек құштарлық танытып қоймай, қолыма түскен түрлі заттардан гүл жасайтын едім. Мұның да өз себебі бар. Анам нағыз қолөнер шебері еді. Бірді бірге құрастырып, қарапайым заттардан керемет қолөнер бұйымын құрастыратын. Мысалы жастықтың тысын жасайтын. Түрлі жіптерден өте әдемі сөмкелер, тіпті шағын кілемшелер де тоқитын еді ғой. Көз алдымда анамның осы әрекеттері маған да әсер еткені сөзсіз. Мен де өзімше бірді берге жалғап әртүрлі бұйымдар жасайтын болдым»,- дейді ол.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші Жанат анасының көргенін үйреніп, бос уақытта әртүрлі заттардан гүл жасауды әдетке айналдырыпты. Әйтсе де кейбір заттардан жасаған гүлдері сәтті шыға бермейді.

«Бала күнімнен анам жасаған заттардан қалған нәрселермен гүл істеп жүрсем, уақыт өте келе «оқу, оқу» деп бұдан қол үзіп қалдым. Уақыт өте келе гофрленген қағаздан гүл жасауды қайта бастадым. Мұндай қағазбен төрт жылдай гүл жасадым. Алайда ондай қағаздан жасалған гүл өте әдемі шыққанымен өңі ұзаққа сақталмайды екен. Тез ағарып кететіні себепті де қаншама еңбегім зая кетті. Әлеуметтік желілер дамыған бүгінде интернетте лентадан жасалған гүлдердің нұсқасын көре бастадым. Бірақ, сондағы лентадан гүл жасау тәсілі маған ұнай қоймады. Өз бетімше қиялыма ерік беріп, түрлі идеяларымды қосып жасаған гүлдерім басқаша шықты. Өзіме ұнайтындықтан да соңғы жарты жылдан бері лентадан гүл жасауды әдетке айналдырдым».

Бос уақытын тиімді өткізу үшін ғана гүл жасайтын Жанат әр адам бір күнде 15-20 минутын жақсы көретін ісіне арнағаны дұрыс, деп біледі. Бұл адамға жан рахатын сыйлайды екен.

«Қазіргі жастар да, басқалар да бос уақыты бола қалса, смартфонына үңіліп, әлеуметтік желіге кіріп кетеді. Бұл сол адамның денсаулығына қаншалықты теріс әсер ететінін дәрігерлер айтып та, жазып та жатыр. Әсіресе қыз баланың бос жүргенін ұнатпаймын. Әйелдердің де уақытын тиімді пайдаланғаны дұрыс. Қыз баланы жан-жақты етіп тәрбиелеу керек. Үйренгені ешқашан артық етпейді. Әсіресе, қолөнерге кішкентайынан әуес болса, өне бойы жауапкершілік, тазалык, мейірімділік сынды түрлі қасиеттерге толы болатыны анық. Бүгінгі ұрпақтың жан тазалығы үшін білгенімді жастарға үйретемін. Егер үйретсе, балалар қызығады. Қазір мектеп кітапханасында да қызмет етемін. Менен дәріс алатын балалар кітап оқумен қатар, қолөнерге қызығушылығы басым. Балалармен ашық хат, гүл сияқты басқа да заттарды бірігіп жасаймыз. Мені ұрпағымыздың ізденімпаз болуы қуантады. Қолөнеге жаны құштар балалар мені асыға күтіп отыратыны да бойыма ерекше бір шабыт сыйлайды. Бар білгенімді үйретіп, балалардың қызығушылығын аша түсу үшін өзім де үнемі ізденемін. Әйтпесе қазіргі жастардың қызығушылығын ұстап тұру өте қиын». Жанат Сауырбаев енді осы еңбегінің жемісін көргісі келеді. Жасаған гүлдерін сатуға шығару жоспары бар.

«Бұл гүлдерді сатылымға шығарсам деймін. Инстаграмға қойып, көпшілікке ұсынамын. Туған күн және тағы басқа да түрлі мереке-мейрамдарда, тойларда безендіру жұмыстарына таптырмас құрал. «Әсіресе балабақшаға қажет. Гүлді жасауға көп шығын кетпейді. Бірақ бір гүлді жасау көп еңбекті талап етеді. Керемет табыс тауып, байып кетуді ойламаймын. Тек жасаған жұмысымды бағалап, сатып алушылар табылса, соған сай еңбекақымды алсам болды. Қазіргі таңда жақындарымның туған күніне, ерекше бір мерекелерде сыйға тартып, соларды қуантып жүрмін. Айтарым – қолөнердің қандай түрімен айналыссаң да адамға ең алдымен керегі – шыдамдылық, төзім. Өз ісін ерекше жақсы көруі де керек. Менен «қалай шыдайсыз?» деп көп сұрайды. Егер қызығушылығың болса, сол істі бар қиындығымен жақсы көресің. Мысалы әр күні гүлдің бір бөлігін жасамасам, сол күні көңіл-күйім болмай, мазам қашады. Ал сүйікті ісіме кіріскенде менен бақытты жан жоқ сияқты. Бір сөзбен айтқанда, демалам. Алдағы уақытта осы ісімді немелеріме үйретемін. Олар да мұны жалғастырғанын қалаймын. «Үйренемін» дейтін жастар болса, мархабат!»

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №47, 20 қараша 2019 ж