Мектеп ауласындағы қауіп

456

Шымкенттегі 25 мектеп ғимаратының ішінде әжетхана жоқ, бары жабық. Сондағы оқушылар да, мұғалімдер де ауладағы әжетханаға баруға мәжбүр. Мұндай қиындық сол мектептерде ауыз судың болмауынан, ғимараттың ескіруі мен ыңғайластырылып типтік үлгіде салынуынан туындап тұр. Бұл жағдай Шымкенттен бөлек, Түркістан облысына да қатысты. Түркістан облысының ауылдарының барлығында мектеп әжетханасы ғимарат сыртында, яғни аулада орналасқан. Облысқа қарасты қалалардағы да жағдай осы. Қала мектептерінің жартысынан астамында оқушылар да, мұғалімдер де әжетін өтеуге аулаға шығуға мәжбүр. Оңтүстіктегі жағдай осы. Республика көлемінде де мәз емес. Елімізде 7000-нан астам мектеп болса, соның 40%-ға жуығының әжетханасы ғимарат сыртында орналасқан. Бұл мәселе бұрын да ара-тұра айтылғанымен де биік мінберде еленбейтін.

Әлқисса…
Бұрнағыдан бері еленбей келген мәселенің күн тәртібіне шығуына Тараз қаласындағы №6 мектепте болған сұмдық оқиға себеп. Еске салсақ, мектеп ғимаратының ішіндегі дәретхана жабық болғандықтан, 7-сыныптың оқушысы әжетханаға бару үшін сабақтан сұранып, сырттағы, яғни ауладағы дәретханаға барған. Дәл осы кезде мектеп ауласында жүрген 38 жастағы ер азамат оқушы қызды бас салып, зорлық әрекетін жасап, арам пиғылын іске асырыпты. Әттегені-ай, әбден азапталған оқушы болған жағдайды сынып жетекшісіне келіп айтып бермегенше, оны ешкім іздемеген.
Аталған мектепте жалпы саны 20 камера жұмыс істеп тұрған. Алайда оны бақылап отыратын вахтер де, мектеп инспекторы да жұмыс орнында болмапты. Ата-аналардың айтуынша, азғын әрекеттің орын алуына мектеп әжетханасының талапқа сай болмауы себеп. Өйткені, бір мектептің ғимаратында әжетхана болса да, ол жұмыс істемейді. Яғни, аты бар заты жоқ. Тағы бір мектеп бар — ондағы әжетхананы мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі ғана пайдаланады. Оқушылар сырттағы әжетханаға баруға мәжбүр.
Жасыратыны жоқ, заман ағымына ілесіп, дамыған 30 елдің қатарына кіруді жоспарлап жүргенде, еліміздегі ауыл-аймақтарды былай қойғанда, ірі қалалардың өзінде мектептер мен басқа да қоғамдық орындардағы әжетхана мәселесі өз шешімін таппай келеді. Бұл мәселенің көтеріліп келе жатқанына қаншама жыл болды. Бірақ сең қозғалар емес.

13 МЕКТЕПТЕ МҮЛДЕМ ӘЖЕТХАНА ЖОҚ

Шымкент қалалық білім басқармасының берген мәліметінше, Шымкентте жалпы орта білім беретін 133 мектеп бар. Басқарамның бас маманы Ерлан Пірімқұловтың сөзінше, соның 13-інің ғимаратында әжетхана жоқ. Ғимарат ішінде әжетханасы жоқ шымкенттік мектептердің оқушылары мен мұғалімдері мектеп ауласында орналасқан әжетхананы пайдаланады. Тағы 12 мектептің ғимаратының ішінде әжетхана қарастырылғанымен, олар жұмыс істемейді екен.
– Жалпы көптеген мектепте су мәселесі өзекті болып тұр. Атап айтсақ, №83, 84 мектептерде ауыз су тартылмаған. Сондықтан да ол білім ошақтарында әжетхана болса да, жұмыс істемейді. Сондай-ақ, өткен ғасырдың 20-30-жылдары ыңғайластырылып, типтік үлгіде салынған мектептердің де әжетханалары жұмыс істемейді,-дейді бас маман Ерлан Пірімқұлов.
Сонымен 25 мектептің 20 мыңға жуық оқушысы қажетін өтеу үшін қысы-жазы ауладағы әжетханаға барады. Бұған білім ошағындағы ұстаздар мен әкімшілік қызметкерлерін қосыңыз.

ӘЖЕТХАНА 100% БОЛАДЫ, БІРАҚ 2023 ЖЫЛЫ

Ерлан  Пірімқұловтың айтқанындай, биыл 7 білім ошағының сыртқы дәретханаларына жылу тартып, су, жарық кіргізіліпті. Сол үшін жергілікті қазынадан 13 млн теңге жұмсалған. Айтуынша, 2023 жылы қала мектептеріндегі әжетхана мәселесі өз шешімін табады.
– Жүргізілген талдау барысында 25 мектептің біріне әжетхана құрылысы үшін қосымша ғимарат салынса, екіншілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Нәтижесінде мектептердің ішінде әжетхана пайда болады. Бұл жұмыстардың барлығы 2023 жылға дейін іске асырылады,-дейді Ерлан Пірімқұлов.
Айта кетейік, білім басқармасын-дағылар бұл нәтижеге қала мектептерінде жүргізілетін кешенді құрылыс арқылы қол жеткізбек. Яғни 2023 жылға дейін қаладағы 54 мектеп кешенді құрылыстан өтеді. Сол мектептердің тізімінде әжетхана қарастырылмаған мектеп ғимараттары да бар. Мәселен, келер жылы 6 мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өткізіледі. Жөндеуден өтетін мектептердің қатарында әжетхана салуды талап ететін мектеп ғимараттары, атап айтсақ, №101, 123 мектептер бар.

Мектептегі әжетхана мәселесі Түркістан облысында да өзекті. Түркістан облыстық білім басқармасының берген мәліметіне сенсек, облыста 905 білім ошағы бар. Соның 6-ы жекеменшік мектеп. 109 мектеп қалада, 796 білім ошағы ауылды жерде орналасқан. Басқармадағылар ауылдық жердегі мектептердің барлығының әжетханасы ғимарат сыртында, яғни мектеп ауласында орналасқанын айтады.
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтқанындай, Қазақстандағы 2352 мектептің әжетханасы далада орналасқан екен. Ондағы тізімді Түркістан облысы бастап тұр. Министрдің хабарлағанындай, алдағы уақытта даладағы әжетханаларды пайдалануға Денсаулық министрлігі тарапынан құжаттай тыйым салу қарастырылуы тиіс.

«Оңтүстік Рабат», №48, 27 қараша 2019 ж