Мемлекеттік қызметкерлер қызыл куәліктерінен қағылды. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңында осы секілді бірқатар өзгерістер бар. Заңдағы толықтырулар жайлы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев брифингте баяндады. Бірқатар өзгерістер мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейтуді көздейді.

Әли Көмекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы: «Демек заң түрінде осыны картаға ауыстыру керек деп белгілеп отыр. Енді ол қызметтік куәлігін көрсете алмайды. Ал картада аты-жөні де жазылмайды. Карточка болды. Бір жерге барса, жол полициясы тоқтатса «е, мен пәленшемін» деп айта алмайды қызметшілер».

Оған қоса алдағы уақытта бірінші басшылардың өздерінің кеңесшілері мен көмекшілеріне басшы лауазымын уақытша жүктеуге де тыйым салынды. Ал қызметтік этиканы бұзғаны үшін айыпты деп танылғандар сол уақытта лауазымын мүлде жоғарылата алмайды.

Айта кетейік, Шымкентте жыл басынан бері әдеп жөніндегі кеңесте 30 мемлекеттік қызметкердің мәселесі майшаммен қаралған.

Меруерт Ахан