Салық төлемегендердің көлігі айыптұрағына жеткізіледі

295

Біраз көлік тізгіндегеннің түсіне кіретін полицияның арнайы көлігі жолға тағы шықты. Оны көргенде жүргізушілердің көбі тура жолынын жаңылады. Жылдар бойы салық төлеуден жалтарып жүргендерді анықтауда таптырмас құрал.

15-ші қарашадан басталған рейдтік шара аясында 30-ға жуық машина ақылы автотұраққа жеткізілген. Бүгінгі рейд барысында да мемлекетке 200 мың теңгеден астам берешегі бар жүргізушінің көлігі арнайы автотұраққа жіберілді.

Шымкент қаласында 100 мың азаматтың көлік салығына 700 млн. теңге көлемінде қарызы бар. «Жол бойында торуылдап, түсіндіру жұмысын жүргізбесең өз еркімен төлейтіндердің саны аз» дейді салық департаментінің өкілдері. Егер осындай ескертулерге құлақ аспайтын болса, ісі сотқа жіберіліп, есеп шоттары бұғатталады.

Бекжігіт Әбіт, Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің берешектермен жұмыс басқармасының басшысы: «Қарашада басталған рейдтің аясында 300 млн. теңге өндірдік. Алдағы жұмыстар арқылы тағы да өндіруге тырысамыз».

«Салық жинаудың екінші кезеңі үйлерді аралап, есік алдында тұрған көліктерін тәркілеу. Осындай шараға амалсыздан барып отырмыз» дейді кіріс департаментінің мамандары. Ал, жыл соңына дейін көлік салығын толық өтеген жағдайда, өсімпұл есептелмейді.

Ғалымжан Кенжебек