«Shymkent bus» компаниясының жүргізушілері жалақыларын алды, бірақ…

337

«Муниципалды» қоғамдық көлік компаниясы деп ашылған «Shymkent bus» компаниясының бүгінгі ахуалы көшбасшы партияны алаңдатуда. Сондықтан болар, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралуда.

«Shymkent bus» серіктестігінің үшінші директоры Елікбай Тоқбергенов нұротандықтардың алдында есеп берді.

Сәуірде сән-салтанатпен ашылған «Shymkent bus» компаниясының жұмысқа толық кіріспей тұрып «басы» дауға қалды. Көлік жүргізушілері уәде етілген жалақыны ала алмай, наразылыққа шықты. Шешімін таппаған мәселе ушығып, «Нұр Отан» партиясының Орталық комитетіне жеткен. Енді жалақының дер кезінде төленуін «Нұр Отан» партиясының Шымкент қаласындағы партиялық бақылау комиссиясы қадағалайды.

Елікбай Тоқбергенов

Елікбай Тоқбергенов, «»Shymkent bus»» «Басқарушы компаниясы» ЖШС-нің директоры: «200 млн. теңге көлемінде займ алдық. Қазан айының жалақысын толық кәсіпорын есебінен төледік. Қараша айының жалақысын келесі аптада жабамыз. Желтоқсандағы айлықты жылдың соңына дейін төлеуге тырысамыз. Қазір біз субсидия алуға құжатты жолаушылар тасымалы және автомобильь жолдары басқармасына тапсырдық. Қорғап шықтық».

Комиссия мүшелерін 58 пайызы жекенің меншігінде болған компанияға неліктен аталған компанияға жеңілдік қарастырылуы тиіс деген сұрақ қызықтырды. Заңды бұзған, істі жүргізе алмаған басшыларды жауапқа тарту алдағы даулардың алдын алады деп есептейді.

Абдулла Ахметов, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі: «Еңбек инспекциясы функционалдық міндеті  бойынша  еңбек дауларын заң шеңберінде тексеруі тиіс. Айдың 5-не айлық берілмесе, Еңбек Кодексі бойынша  жұмысберушінің ісі қылмыстық жауапкершілікке  дейін  қаралуы тиіс».

Шулы мәселеге түрткі болған себептерді анықтауға прокуратура да араласа алмай отыр.

Нұрлан Қайназаров, Еңбекші ауданы прокуратурасының аға прокуроры: «Біз тексерейін десек, Еңбек инспекциясы негіз болуы тиіс дейді. Сосын  шағымданушыларға арыз жазғызып, мәселенің анық-қанығын анықтауға кірістік. Бұл тұста еңбек инспекциясы қала әкіміне бағынады, қала әкімдігі қарамағындағы  басқарма ғой. Сондықтан да, қандайда шешім шығаруда  олар, әрине, жалтақтайды».

Комиссияның ұсынысы Еңбек Кодексіне сәйкес жұмысберуші қызметкердің арасындағы түзілген келісімшарттағы міндеттерін орындауы тиіс. Бұл тек жалақыға байланысты емес, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік қолдау және де өзге тармақтарға қатысты.

Шынар Оразова