Білім ордасы айтулы датаға орай ерекше кеш өткізді. Болашақ мұғалімдерді дайындайтын колледж студенттері «Өнерлі жастар» мерекелік кешін өткізді.

Шымкент жоғары педагогикалық колледжі 15 жыл ішінде сапалы білім берумен қатар студенттердің өнерімен жетістіктерін дәлелдеп келеді. 15 жылдық мерейтой кешінде өнерлі жастар оқу орнына ыстық ықыласын әнмен жеткізді. Мың бұралған биімен келушілерді құрметке бөледі.

Гүлнар Ибрагимова, Шымкент жоғары педагогикалық колледжінің директоры: «Түркістан облысында 66 колледж болса, оның тек екеуінде ғана музыкалық білім береді. Соның бірі біздің оқу ордамыз. Басқа оқу орындармен салыстырғандағы ерекшелігіміз де осы. Музыка арқылы, ән арқылы адам сөзбен жеткізе алмайтын сезімін жеткізеді деп ойлаймын. Бұл өте қажетті мамандық. Бұл мамандыққа біз мемлекеттік тапсырыс алып жатырмыз»

Мерекелік кеште оқу ордасының жетістіктері насихатталды. Ел болашағы үшін білімді де білікті мыңдаған шәкірт тәрбиелеп ұшырған ерен еңбегі дәріптелді. Жаңашылдыққа жақын білім ұясының шетелдік танымал жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істейтіні де таныстырылды.

Ғабит Мәуленқұлов, Әл Фараби ауданының әкімі: «Өздеріңіз сияқты, еліміздің түкпір-түкпірінен шыққан жастар шет мемлекеттің оқу орындарына кетіп қазіргі таңда еліміздің экономиксының өрлеуіне, әлеуетіне, әлеуметінің өсуіне көптеп қызмет жасап жатыр».

Мерекелік кешке келушілер оқу орнында «Дизайн және технология» мамандығы бойынша білім алатын жастардың шеберлігін көрсететін қолөнер көрмесі де қойылды. Білім ұясының заманауи білім берудегі жетістіктерін дәлелдейтін түрлі марапаттарын көруге болады. Айта кетейік, Шымкент жоғары педагогикалық колледжінде қазір 15 мамандық бойынша 1500-ге жуық студент білім алады.

Жанерке Хумар