Шымкентте «Ел бақытын тербеткен -Тәуелсіздік!» мерекелік шара өтті

165

Шымкент қаласында ҚР Тәуелсіздігі күніне арналған «Ел бақытын тербеткен — Тәуелсіздік!» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шараны өңірдегі зиялы қауым өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер, барлық саланың мамандары, еңбек азаматтары мен қала тұрғындары тамашалады.

Салтанатты жиынға қатысқан қала басшысы Е.Айтаханов барша жұртшылықты еліміздің Егемендік алған күнімен құттықтап, даламыз бен қаламызды бірге көркейткен қазақстандықтар қуатты халық екенін атап өтті.

«1991 жылы 16 желтоқсанда біз Тәуелсіздігімізді жер жүзіне жариялап, күллі әлемге паш еттік. Алдымен көне түріктің бөрілі байрағының мұрагері – Көк Туымызды Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреттік. Әнұранымызды әлем көгінде әуелетіп, Елтаңбамызды мәңгілік мөрге айналдырдық. Төл теңгеміз енгізіліп, Атазаңымыз қабылданды. Қарулы күштеріміз құрылып, Шекарамыз белгіленді. Бүгінде біз – ана тілімізді түлетіп, ата дінімізді оралтқан айшықты елміз. Біз – даламыз бен қаламызды бірге көркейткен қуатты халықпыз. Арқа төсіне Тәуелсіздігіміздің салтанатты символы – Елордамызды орнатқан жасампаз жұртпыз», — деді әкім құттықтау сөзінде.

Мерекелік жиында ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Шымкент қаласының 39 азаматы ҚР Мемлекеттік наградаларымен марапатталды.
Салтанатты басқосу өнер майталмандарының патриоттық ән-күйлерімен жалғасты.