Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры «Жусан» операциясы барысында Сирия мемлекетінен елге қайтарылған балаларды қоғамға бейімдеумен қатар дәстүрлі құндылықтарға баулу мақсатында театр қойылымдарын көрсету арқылы қайырымдылық іс-шара ұйымдастырып өткізді.
Ата-аналарымен бірге келген балалар мұражаймен танысып, И.Я.Златопольскийлердің «Ләйлек» қойылымын қызыға тамашалады. Театр басшысы Бахтияр Әбілұлы елдің болашағы балалар екенін, оларды қандай жағдай болмасын, қоғамға бейімдеу, патриотизмге баулу, ұлтжанды ұрпақ қалыптастыруды басты назарға алып елге еңбек етуді алға тартты.
Шара барысында театр тарапынан ертегі кейіпкерлері балақайларға түрлі тәтті сыйлықтар таратып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ата-аналар атынан Исмаил есімді ұлдың әжесі Алматова Болды Қожабайқызы апамыз өте қауіпті жерден келген отбасыларға қоғамның жан-жақты көмек көрсетіп жатқанына және театр ұжымының да балаларға айрықша көңіл бөліп жатқанына ризашылықтарын жеткізіп, зор ықыластарын білдірді.
Осы күні театрда «Шымкент жақсылық ордасы» еріктілер қоғамы да қайырымдылық шарасын өткізген болатын. Шымкент қосалқы мектеп интернатының тәрбиеленушілері қызықты да көңілді қойылымды тамсана тамашалап, ерекше әсер алып қайтты.
«Шымкент – қайырымды қала» бастамасы арқылы алдағы мереке күндері де күн көрісі төмен отбасылардың балаларына қайырымдылық қойылымдар көрсетілімі жалғасын таба бермек…