Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен қала әкімі Рашид Аюпов шаһардағы бас шыршаның шамын жақты. Қала орталығындағы «Гүлдер» саябағында бой көтерген еліміз бойынша ең биік жаңажылдық шыршаға түркістандықтар мен қала қонақтары жиналды.

«Жаңа жыл – біздер, жастар, бүлдіршіндер асыға күтетін отбасылық мейрам. Сондықтан, біз балалар жақсы көретін мерекеде шыршаны орнаттық. Өздеріңізге белгілі, Елбасы Жарлығымен қабылданған шешім аясында Түркістан түлеп жатыр.

Келер жылы шаһарымызға Орталық Азия елдерінің басшыларын шақырып, Түркістанды әлемге паш етпекпіз. Мұның бәрі сіздер, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан дүние. Ендеше, жаңа жыл баршамызға жақсылық әкелсін! Әрбір бастаған жұмыстарымыз табысты аяқталып, ынтымағымыз нығая берсін!», – деген лебізін білдірген Өмірзақ Естайұлы жиналған балаларға 700-ден астам сыйлық таратты.

Мерекелік шарада Аяз ата мен ақшақарлар мерекелік шеру ұйымдастырып, ертегілер әлемінің әртүрлі кейіпкерлері балалармен ән шырқап, би биледі. 20 метрлік алып шыршада 2000-дай ойыншықтар мен жарықшамдар орнатылған. Биыл жаңажылдық шырша шаһардағы «Гүлдер» алаңы мен «Жеңіс» саябағына орнатылған. Жаңа жыл символы осыдан 3 жыл бұрын мемлекеттік сатып алу тәсілімен алынған.

Түркістан қаласындағы негізгі мерекелік  іс-шаралар 29 желтоқсан күні «Жеңіс» саябағында өтпек. Күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілген жаңа бақта ерекше форматтағы мерекелік концерт жоспарланып отыр. Салтанатты шара әсерлі отшашумен аяқталады.