Облыс әкімінің орынбасары М.Мырзалиевтің тапсырмасымен Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы, Түркістан облысының мемлекеттік кірістер департаменті, Түркістан қаласы мемлекеттік кірістер басқармасы, «Альфа банк» АҚ Түркістан облысы бойынша еншілес ұйымының қызметкерлерінің қатысуымен «Бизнесті көлеңкеден шығару, шағын және орта бизнестің өнім шығару көлемін ұлғайту» іс-шарасы аясында Түркістан қаласындағы «Қуаныш» базарында сауда субъектілеріне бақылау-кассалық машинасын орнату және қолма-қол ақшасыз төлем аппараттарын (терминал) орнату жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Мамандар кәсіпкерлерге белгілі салық төлеушілер санатын қоспағанда ҚР аумағында ақшалай есептесу міндетті түрде бақылау-кассалық машиналарды қолдану түрімен жүргізілуі тиіс екендігін түсіндірді.

Бақылау-кассалық құрылғылардың чегін бермеу табысты жасыруға, тиісті салықтардың төленбеуіне алып келіп, нәтижесінде жалпы көлеңкелі экономика көлемінің өсуіне әкеледі. Осы ретте бақылау-кассалық машиналардың тауарлық чегін бермеу, тауарлық чекті тауар сомасынан артық немесе кем көрсету әкімшілік жауапкершілікке соқтыратындығы ескертілді.

Кәсіпкерлер өздерінің тарапынан заң талаптарын түсінетіндігін жеткізіп, ұялы телефонмен электронды төлем қабылдау бағдарламалары бойынша сұрақтар қойып қызығушылық танытты.

Айта кетейік, «Қуаныш» базарының ішінде арнайы бекет ашылып, онда мемлекеттік кіріс департаментінен 1 қызметкер, халыққа қызмет көрсету орталығынан 1 қызметкер және «Қазпочта» АҚ 1 қызметкер тұрақты түрде өздерінің қызметтерін көрсетуде.