Мақтаарал АПБ-не жергілікті тұрғыннан хабарлама келіп түседі. Онда Атакент кенті бойындағы су каналында белгісіз көліктің аударылып жатқаны көрсетілген. Осы сәтте, сол аймақта кезекшілікте жүрген полицейлер оқиға орнына шұғыл жетті.

Мақтаарал АПБ ЖПҚ ППТ инспекторлары полиция лейтенанттары Еркін Ақшораев пен Ескендір Жұмабеков келген бетте суда ес-түссіз тұншығып жатқан ер адамды көреді. өмірін арашалап қалады. Яғни, барлық қажетті іс-шараларды жасап судан шығарады. Содан соң алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел-жәрдем шақырған. Аталған жайт Мақтаарал АПБ-не тіркелген.

Полицейлердің анықтауынша таңғы сағат 8:00 шамасында жергілікті тұрғын өз көлігімен келе жатып, рөлді дұрыс басқара алмай қалған. Осылайша, көлік каналға аударылып түскен. Нәтижесінде жүргізуші есінен танып, суға тұншығып қалған. Абырой болғанда, полицейлер тез арада әрекет етіп, көмек қолын созған.

Өз кезегінде Түркістан облысының тұрғыны Еділ Дәрібаев «Есімді жинасам, полицейлер жағаға шығарып, жағдайымды жасап жатыр екен. Одан кейін, дәрігерлер көмекке келді. Алған жеңіл дене жарақатым үшін ем алып шықтым. Қазір жағдайым жақсы. Бұның бәрі полицейлердің арқасы. Олар менің өмірімді, яғни адам өмірін сақтап қалды. Қызметтеріне сәттілік тілеймін, ризамын»-деп жүрекжарды сөзін арнады.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға көлік айдағанда жылдамдықты асырмауды, мас халде басқармауды, қарсы бағытқа шықпауды және одан бөлек жол жүрісі қағидаларын сақтауды ескертеді.