Темір жол билеттерін алыпсатарларға қашан тосқауыл қойылады?

226

Теміржол вокзалындағы заңсыздықтармен күрес желтоқсан айында қайта күшіне мініп отыр. Бұл жолы комиссия мүшелері билет алып сатарларын тұзаққа түсірмек. Көптің алдында билет ұсынып жүрген оларды табу ешбір қиындыққа соққан жоқ.

Абзал Қазанғапов, қалалық көлік бақылау инспекциясының бөлім басшысы: «Алыпсатарлардың бұл әрекетіне теміржол вокзалының басшылығы да жауап береді. Себебі аталған құқықбұзушылық олардың аймағында орын алып отыр. Заң бойынша вокзалдағы тәртіп сақшылары жағдайды полицейлерге хабарлауы керек еді. Бірақ, ешкімге ешқандай хабар келмеген. Сондықтан да оларға да айыппұл салынады».

Айналасы бір сағаттың ішінде екі пысықай қолға түсті. Ал, оларды теміржол полицейлері жазбай таныды. Сөздерінше құрықталған екеу бұған дейін де бөлімшеде болған. Алайда, жазасын айыппұл төлеп құтылып келген.

Орынбасар Мәмбетов, полиция полковнигі: «Екі азамат бұрын да біздің бөлімге жеткізілген. Оларға қатысты әкімшілік құқықтық кодексінің 449 бабы бойынша 3 рет әкімшілік хаттама толтырылып соңғысында сот арқылы әкімшілік қамаққа алынған».
Жалпы жыл басынан еліміздің жолаушылар пойызында 76 азаматтың құжатсыз жүргені анықталыпты. Салдарынан 1,5 млн. теңге айыппұл төленген.

Назерке Үкібасова