«Тағдыр» айдарының келесі кейіпкері жан құрбысынан көрген қиянатын жеткізіпті. «Жанына жақын жандардың бірінің сатқындығы жүректе мәңгі қалады екен» дейді ол. Жалғызсырап, жылап жүрген кезінде жақсылық жасаймын деп жүрегінің жараланғанын жеткізген кейіпкеріміз басынан кешкен осы бір жағдайдан кейін досқа сену деген қасиетті сезімді жоғалтқанын айтады.

Сәлеметсіздер ме, «Оңтүстік Рабат» газаетінің ұжымы. Сіздерге хат жазуымның басты себебі іші-бауырыңа кіріп, жылап-еңіреп келгендерге көңіліңіз түсіп көмектеспеулеріңізді сұраймын. Олай дейтінім, өте жақын адамнан келген сатқындық сенің біраз уақытқа дейін еңсеңді түзеп, есіңді жиюға мұрша бермейді екен. Сондықтан да біреуге қол ұшын созар алдын ол адамнан кейін зиян көрмейтіне көз жеткізу артық етпейді екен.
Менің хатымды бір адам болсын оқып, оны бір танысына айтса, осылай адамнан-адамға жалғасып оңбай алданғалы тұрған жанның тағдырының талқандалуын алдын алса, мендегі мақсаттың орындалғаны дер едім. Көп созбай әңгімемді бастайын. Мен бір үйде үш ұлдың ішінде жалғыз қыз болып бойжеттім. Қыздан жалғыз болғандықтан ба, көршіміздің өзім шамалас қызымен кішкентайымнан бастап, өте жақын дос болдық. Сабаққа бірге бардық. Бір партада отырдық. Бір нанды бөліп жедік. Студент кезімізде де екі жақта оқысақ та үнемі хат-хабар алысып тұрдық. Демалыстарда сағынысып көрісетін едік. Таңды таңға ұрып әңгіме айтып, бір-біріміздің үйімізде қона қалатын кездер көп болды. Ата-анамыз да туысқандар сияқты араласатын. Бір-бірімізден жасыратын сыр деген мүлдем болмаушы еді. Тіпті бір-біріміздің киімімізді де алмасып кие беретінбіз. Жасырары жоқ, біздің жағдайымыз олардан әлдеқайда жақсырақ болатын. Алайда, анам маған киім алған кезде құрбыма да алып беретін еді. Бұған қатты қуанушы едім.
Шынымды айтайын, оны кемсітіп қараған кезім ешқашан болған емес. Жағдайымыз олармен салыстырғанда жақсы болғанымен біз де бай емеспіз. Орта жағдайлы отбасы болдық. Не керек, осылайша студенттік кезіміз де сырғып өтіп жатты. Үшінші курс оқып жүргенімде құрбымды бір жігіттің алып қашқаны жайлы хабар келді. Өзінің жігіті бар еді. Ол емес екен. Уайымдап қалдым. Хабарласқанымда жақсы жерге келгенін, өкінбейтінін айтты. Айтуынша, ақшалы жерге тұрмысқа шыққан екен. Жүріп жүрген жігіті жайлы ештеңе айтпады. Осы кезде мен біртүрлі болып қалғанымды жасырмаймын. Кішкентайымыздан бері тұрмысқа шығу жайлы әңгіме болса, ол үнемі бай жерге баратынын айтатын еді. Мен оны «өзінің мінезі сондай, әдейі айтады, әйтпесе шынайы ойы емес» деп ойлайтын едім. Бірақ өкінішке қарай, құрбымның көздегені отбасылық бақыттан гөрі ақша екеніне сол кезде көзім жетті. Сөйтіп олар үйленді, бақытты өмір сүріп жатқандай болды. Қалай тұрмысқа шықты, солай біз көп хабарласпайтын болдық. Отбасылық өмірі басталған соң, мен де көп мазалай бермедім. Тіпті айлап хабарласпайтын кездер болатын. Араға жыл салып мен де тұрмысқа шықтым. Күйеуіммен жарты жыл бір-бірімізді танып жүрдік те бірден отбасын құруға шешім қабылдадық. Осылайша, біздің де тойымыз болды. Менің күйеуім өзіміз сияқты орташа тұрмысты адам еді. Бастысы үйі бар болатын. Үйдің ортаншысы болғандықтан, келін болып түскеннен кейін бір ай толған соң бөлек шықтық. «Жаман тұрдық» деп айта алмаймын. Өте жақсы тұрып жаттық. Бір жылдан кейін кішкентай қызымыз болды. Өзімізше бақытты едік. Бір күні құрбым хабарласты. Телефонның ар жағында жылағаннан дауысы естіле бермейді. Тыныш, жыламай сөйле десем, сөйлей алмайды. Күйеуімен ажырасайын деп жүрген екен. Олардың отбасылы болғандарына 2 жылдан асса да құрбым балалы болмаған еді. Барған жері бала көтере алмай жүргендіктен кемсіткен болса керек. Соңғы жарты жылда көрген өмірі өмір емес екенін айтып шағымданды. Енесі баласын ажырастырып алу үшін барын салып жүргенін айтты. Мен кездесіп, асықпай сөйлесейік дедім. Кездестік. Ол тұрмысқа шыққалы көрген өмірінде қиын сәттер көп болғанын, енесіне ешқашан жағына алмағанын айтты. Айтуынша, күйеуі де анасының айтқанынан шықпайды. Соңғы уақытта бөлек шығып кетуге қанша әрекеттенсе де бәрі сәтсіз аяқталғанын айтып жылады. Ақыр соңында ажырасатын болып, тоқтамға келген екен. Сол аралықта ауылға бармай, біздің үйде тұра тұруына өтініш жасадым. Мен де күйеуімді есін жинап, жұмыс тауып, өзін асырай алатын кезге дейін бізде қала тұруына келісім беруіне көндірдім.
Өйткені, ол кішкентайдан бірге өскен құрбым ғой. Оның тарапынан ешқашан жамандық күтпес едім. Осылайша құрбым күйеуімен ажырасып, біздің үйге келіп жайғасты. Біз оған жұмыс тауып беріп, орналастырдық. Жұмысын істеп келіп үйде жататын. Менің аңқаулығым соншалық, әлде оған қатты сендім бе білмеймін ешқашан күмәнданған емеспін. Жарты жыл тұрды бізбен бірге. Айлығы да тұрақталып өзіне жететін қаржы таба бастады. Кететін шығар десем, кетпеді. Ал, мен айтуға қатты ыңғайсызданып жүрдім. Бір күні үйіме қыдырып келген бөлем оның ниеті жаман екенін айты.
«Егер ниеті түзу болса, осы уақытқа дейін ыңғайсызданып кетуі керек еді ғой. Бұл құрбыңның көздегені басқа. Сен аузың ашылып жүргенде есіңнен тандыратын тосын сый күтіп тұрмасын! Күйеуіңді алып кеткен күні сан соғып қалма!» деп қатты сөйлеп кетті. Бұл сөзге әуелде онша мән бермегеніммен кейін келе ойлана бастадым. Ұят болса да бойыма күш жинап, батылданып бір шай басында сұрағымды төтесінен қойдым. Яғни, қашан өз бетімен кеткелі жүргенін сұрадым. Әзірге банкте өтелмеген кредиттері бар екенін айтып тағы брінеше ай қала тұруына рұқсат сұрады. Менің сауалыма ренжіген де жоқ. Кетуі керек екенін білетінін, тек шамалы уақыт беруімді сұраған соң, мен келістім.
Осылай деген бөлеме айтқанымда «демек ол көздегеніне әлі қол жеткізе қойған жоқ, дәл осы кезде үйден кетіру керек» деді ол. Содан кейін қайтадан кет деп айтуға ұялғандықтан айта алмадым. Тек оны бақылауым керегін түсіндім. Ардан тағы бір айдай уақыт өтті. Бір күні «дүкен аралаймын» дедім де біраз уақыт сыртта болатынымды айтып шығып кеттім. Үйде күйеуім де бар еді. Сөйттім де он минут болмай тағы ішке кірдім. Білдірмей төргі бөлмеге барсам, күйеуімнің мойнына асылып алып, қылымсып тұрған құрбымды көрдім. Өзімнің күткенім де осы болғандай бірден шашын жұлып аямай ұрдым да үйден қуып шықтым. Күйеуімді де қуып шықтым. Сөйтсем, мен жоқта баламның әкесіне қылымсып жүреді екен. Күйеуімнің айтуы бойынша бұл оны өзіне жолатпай жүрген. Араларында ештеңе болмаған. Бірақ оған сену қиын. Сол кеткеннен анау құрбысымақтан хабарым жоқ. Қайда не істеп жүргенін білмеймін. Ал қызымның әкесі екі жылдай жалынып кешірім өтініп жүріп, кешірімімді алды. Оған деген сезімім бұрынғыдай емес. Араға үлкендер түсті, бәрі бірігіп бізді татуластырды. Тек ұрпағымыз үшін оған кешірім бердім. Екінші баламыз дүниеге келгенге дейін ішімде бір реніш жолдасыма жібермейтін. Қазір ол жағдайдың болғанына өзімді де кінәлі санаймын. Өйткені ол үйге келіп тұрсын дегенде күйеуім онша қаламаған еді. Тек менің көңілімді ойлап, келісімін берген. Қанша туысқандарым айтса да біреуін де тыңдамай «құрбым ғой» деп оны төрге шығарған өзім едім. Сондықтан да осындай жағдайда шешім қабылдамас бұрын міндетті түрде ойланыңыздар. Оларды үйіңізге кіргізбеу тек сізге тиімді екенін ұмытпағайсыздар!

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №47, 20 қараша 2019 ж