Бір сыныпта 30-35 оқушы оқи ма? Бір партада үш оқушыдан отыруға мәжбүр ме? Оқушы санының көптігінен қосымша сабақтар мен үйірмені ұмыттыңыздар ма? Бәсекеге қабілеттілік, компьютерлік сауаттылық, үш тілділік, мәдени ашықтық сияқты факторларға негізделген бүгінгі білім кеңістігінде балаңыз оқитын мемлекеттік мектепке көңіліңіз толмай ма? Ал, оқу кабинеттері жабдықталған, өзге де тұрмыстық жағдайлар жасалынған, сыныптағы бала саны 20 оқушыдан аспайтын, ұстаздың бір оқушымен жеке шұғылданып, сабаққа деген ынтасын оятуға мүмкіндік беретен жекеменшік білім ұясын қалтаңыз көтермей ме? Ендеше елімізде орта білім беру саласын ырықтандыру аясында «Білім беру туралы» заңға толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес, жекеменшік мектептерде де мемлекеттік білім беру тапсырысын орындау мүмкіндігі пайда болды.
МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫСПЕН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Кейіпкеріміз Гүля Ахтамянова сол мүмкіндікті пайдаланып отырған ата-ананың бірі. Биыл оның қызы Лайсан жаңадан салынған «Абай» атындағы жеке мектептің 5 сыныбына барды. Лайсан бұған дейін мемлекеттік мектептердің бірінде оқыған. Мектеп үйінен алыс. Жол азабы тағы бар. Сондықтан ата-анасы оны үйіне жақын білім ошағына ауыстыруды жөн санапты. Әрі бұл мектеп жекеменшік болса да, ақысыз екен. Себебі, мектеп мемлекеттік тапсырыс аясында, жан басына шаққандағы қаржыландыру принціпімен жұмыс істейді.
– Мектеп көңілімізден шықты. Біріншіден — үйімізге жақын. Екіншіден — ұзартылған күн тәртібі (продленка) бар. Үй тапсырмаларын орындатып, қосымша сабақтар өтіледі. Жұмысбасты ата-ана үшін өте ыңғайлы. Үшіншіден — асханасы жақсы. Үш мезгіл тамақ береді. Әрине, «продленка» мен тамақ үшін ақы төлейміз. Әр қайсысына күніне 500 теңгеден береміз. Біз үшін бұл тиімді. Қалғаны барлығы тегін. Кәдімгі мемлекеттік мектеппен бірдей,- дейді Гүля.
Айта кетейік, бұл мектеп Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай салынған. 1200 орынға шақталған білім ошағы екі ауысымда 2400 оқушыны қабылдауға қауқарлы.
200 000 ОҚУШЫ БАР
Елімізде мемлекеттік мектептермен қатар, жекеменшік мектептер де білім саласының дамуына үлес қосып жатыр. Мәселен, бүгінгі таңда Шымкент қаласында жалпыға бірдей білім беретін 133 орта мектеп пен мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін — 11 жекеменшік білім ошағы бар. Сол білім ұяларындағы оқушы саны — 200 000-нан асып жығалады.
Өңірдегі демографиялық өсімнің қарқынды дамуын, оған кей мектеп ғимараттарының тар болуын ескерсек, шаһардағы мектеп жетіспеушілігі мәселесі өзектілігін жоғалтпайды.
Жыл сайын білім ошағын тәмамдайтын түлек саны 8 мыңнан сәл-ақ асса, мектеп табалдырығын алғаш рет аттайтын балақайлар — 20 мыңды құрайды. Сәйкесінше, оқушылар үш ауысымда білім алуға мәжбүр.
Шымкенттегі 133 мемлекеттік мектептің он тоғызында оқушылар үш ауысыммен оқиды. Мектеп ғимараты тапшылығы, үш ауысымда білім беру мәселесі еліміздің басқа да қалалары мен облыстарында байқалады.
Бұл тығырықтан шығуға жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі септеспек. Себебі, бұл жүйе жекеменшік мектептерде «мемлекеттік сыныптарды» ашуды көздейді.
АҚША БАЛАНЫҢ СОҢЫНАН ЖҮРЕДІ
Жан басына шаққандағы қаржыландырудың қазақстандық моделі осы қағидаға негізделеді. Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы міндетін атқарушы Айгүл Текебаеваның айтуынша, еліміздегі білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, орта білім беру ұйымдарында озық білім беру жүйесін қалыптастыру мақсатында оның ұйымдастырушылық-экономикалық тетіктері өзгертілді. Нәтижесінде, мемлекеттік және жекеменшік білім оршақтарына жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізіліпті.
– Аталған жүйе еліміздегі орта білім беру ұйымдарына кезең-кезеңмен енгізілуде. Атап айтсақ, пилоттық жобаға 5 өңірден (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары) 63 мектеп және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан 10 мектеп қатысты. 2018 жылдың қыркүйегінен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру Нұр-Сұлтан қаласының барлық мемлекеттік және жекеменшік мектептерінде, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап республикамыздың барлық жекеменшік мектептеріне енгізілді. Бүгінгі таңда олардың саны — 121-ді құрайды. Ондағы 22 мың оқушыға мемлекеттен жыл сайн 12 млрд теңге бөлінеді.
2019 жылдың қыркүйегінен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру Алматы мен Шымкент қалаларының (130 мектеп) мемлекеттік мектептерінде қолданысқа енді. Ал 2020 жылғы қыркүйектен бастап республикамыздың барлық қала мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыруға толық өткізу жоспарланған.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру білім беру деңгейіне (бастауыш, орта, жоғары) қарай жүзеге асырылады. Сондай-ақ, оның мөлшері білім беру бағдарламасына, оқу орнына және білім ошағының меншік иесіне де байланысты. Жалпы, білім беру стандарты — 224 704 теңгені, коммуналдық шығындар мен интернет — 10 823 теңгені құрайды. Ынталандыру компоненті 1 оқушыға жылына — 231 000 теңге. Егер жеке кәсіпкер жаңадан жекеменшік мектеп салса — онда оған 1 оқушыға жылына — 478 098 теңге аударылады.
МЕКТЕПКЕ ТҮСЕТІН «ЖҮК» АЗАЯДЫ
–Жан басына шаққандағы қаржыландыру — бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігін арттырады, жалпы білім беретін мектептердің материал-ды жағдайын жақсартады және жұмыс нәтижелерін ынталандырудың қосымша шаралары есебінен педагогтың беделін жоғарылатуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, жан басына шаққандағы қаржыландыру — мектеп құрылысына жеке меншік капиталды тартуды көздейді. Соған сәйкес, жекеменшік мектептерде де мемлекеттік білім беру тапсырысын орындау мүмкіндігі пайда болды. Жекеменшік мектептер желісін арттыру арқылы мемлекеттік мектептерге түсетін «жүкті» азайтамыз,- дейді Айгүл Текебаева.
Мұндағы қаржыландыру тәсілі — оқушы санына қарай емес, 1 оқушының нақты шығыстарына байланысты және жиынтық сыныптардың санына байланысты республикалық бюджеттен төленеді.
ҚОСЫМША АҚЫ АЛАДЫ
Жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастырумен ғана шектелмейді. Сондай-ақ жаңадан енгізілген жекеменшік мектептер үшін әрбір оқушы орнын ынталандыру компонентін көздейді. Аталған компонент 8 жыл бойы төленеді және инвесторға оның меншігінде қалатын мектепті салуға жұмсаған шығындарын қайтарады. Сонымен қатар, ата-аналар төлемін, оның ішінде баланың мектепте болуына жақсартылған жайлы жағдай ұсынғаны үшін төлем алу құқығы қалады. Бұл мемлекеттік тапсырыс аясында оқушы қабылдайтын жекеменшік мектептер өз қызметіне қосымша ақы ала алады дегенді білдіреді.
Аталған қадам жекеменшік мектептер желісінің дамуына серпін бермек. Бұл өз кезегінде мемлекеттік мектептердің жүктемесін азайтып, үш ауысымда оқытатын мектеп санының төмендеуіне әкеледі деп күтілуде.
–Шымкент қаласында 2018 жыл мемлекеттік бағдарламаға 3 жекеменшік мектеп қатысып, 765 оқушыны мемлекеттік тапсырыс аясында оқытса, биыл 11 жекеменшік мектепке 5 454 оқушы орналастырылған. Сондай-ақ, жобалық қуаттылығы 854 және 300 орынға арналған 2 жаңа жекеменшік мектеп тұрғызылып, пайдалануға берілді, — дейді Айгүл Текебаева.
Мектеп тапшылығы мәселесін жекеменшік білім ұяларының желісін кеңейту арқылы ішінара шешуге болады. Алайда жекеменшік мектептер «қолжетімді» болуы шарт. Осы бағытта жан басына шаққандағы қаржыландыру принціпінің қосатын үлесі басым болмақ. Бұл бағыттағы нәтижелер қабылданған шешімнің дұрыстығын, тиімділігін дәлелдейді. Мұның барлығы – уақыт еншісінде.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №48, 27 қараша 2019 ж