Шымкентте былтырғы жылы 200-ден астам кәсіпкерден шағым түскен. Іскерлердің дені жер теліміне қатысты арызданған. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директоры Нұрлан Қабыштаевтың қатысумен өткен брифингте айтылды.
Палата басшысының сөзіне қарағанда мегаполисте бизнеске бет бұрғандар көбейіп келеді. Алайда, олардың көбісі кәсіп жүргізуге ыңғайлы жер телімін таппай отыр. Сондай-ақ әкімшілік кедергілерге тап болып негізсіз тексерулермен әлекке түскен іскерлер де жоқ емес.
Нұрлан Қабыштаев, Шымкент қаласы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директоры: «Негізсіз тексерулер әлі де бар. Біз бұл ретте прокуратурамен серіктестікте жұмыс жүргіземіз. Кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын көтеруде де бірқатар шараларды жүргізіп жатырмыз. Көбінесе, бизнес өкілдерінің белгілі бір заңнамаларды білмейтіндігінен, қиындықтар туындап жатады».
Атқарылған жұмыстарды қорытып, БАҚ өкілдеріне есеп берген палата басшылары алдағы жоспарларымен де бөлісті. Жауаптылардың сөзіне қарағанда үстіміздегі жылдың наурыз айында ашылатын орталықта бизнес өкілдеріне кешенді қызметтер көрсетіледі. Осыдан бірнеше жыл бұрын жабылып қалған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы қайта жанданатын болады.
Мақпал Рысбаева