Түркістан облысында ағымдағы жылдың 6-қаңтары мен 5-ақпан күндері аралығында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізуде. Іс-шараның негізгі мақсаты табиғатты қорғау заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, анықтау және жолын кесу, заңсыз аң аулау мен балық аулау, ағаш кесу және өзге де құқық бұзушылықтарды болдырмау.

Аталған шара барысында Созақ АПБ-нің полицейлері мен орман шаруашылығы, «Охотзоопром» қызметкерлері бірлескен рейд жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшылары Қаратау-Тайқоңыр технологиялық тас жолы бойында күдікті көлікті тоқтатып, тексеру кезінде ішінен 400 келі заңсыз ауланған түрлі балықтар бары анықталды.

Одан бөлек, көлікті тексеру кезінде балық аулауға арналған құрылғылар айғақты зат ретінде тәркіленіп алынды. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 335-бабы «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау» бойынша тіркелді.

Тергеу барысында күдіктілердің үшеуі де жергілікті тұрғындар болып шықты. Олар кінәларын толық мойындады. Күдіктілердің бас шарасы «келу туралы міндеттеме». Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде заңсыз ауланған балықтар Созақ ауданы Шолаққорған ауылында орналасқан мемлекеттік 3 бөбекжай-балабақшаларына үлестіріліп берілді. Түркістан облысының полицейлері азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға, табиғатты қорғауға және осы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын ескертеді. Естеріңізге сала кетейік, «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы Түркістан облысының аумағында 2020 жылдың 5-ақпанына дейін жалғаспақ.