Ағымдағы жылдың 1-ші ақпанынан бастап банктік және банктік емес айырбастау пункттерінің, «Қазпошта» АҚ айырбастау пункттерінің жұмыс тәртібі сағат 9:00 ден  20:00-ге дейін шектеледі.

Тек темір жол, әуежай вокзалдары, казино ғимараттарының ішінде, сондай -ақ ҚР мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пунктерінің аумағында айырбастау орындары тәулік бойы жұмыс істейді. Айырбастау пункттерінің жұмысына қатысты Қаулы және ондағы өзгерістер жайлы ҚР ҰБ Шымкенттегі филиалы басшысының орынбасары  Бақыт Әлімбекова  арнамыздың тілшісіне сұхбат берген болатын:

«ҚР ҰБ басқармасының 2019 жылғы 31 желтоқсандағы Қаулысымен ҚР-да қолма -қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Аталған қаулы биыл 1 – ақпаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
Жарғылық капиталға байланысты. Уәкілетті ұйымның жарғылық капиталының ең аз мөлшері Нұр-Сұлтан, республикалық маңызы бар қалаларда, облыстардың әкімшілік орталықтарында, облыстық маңызы бар қалаларда орналасқан әрбір айырбастау пункті үшін бір жүз миллион теңге, өзге жерлерде орналасқан әрбір айырбастау пункті үшін 50 млн. теңгені құрайды. Жарғылық капиталдың жаңа мәндерін қолданысқа енгізу мерзімі өңірге байланысты».

 

Бақыт Әлімбекова, ҚР ҰБ Шымкенттегі филиалы директорының орынбасары

Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында орналасқан айырбастау пункттері биыл 1-ші  сәуірге дейінгі мерзімде, облыстардың әкімшілік орталықтарында және облыстық маңызы бар қалаларда орналасқандар 2020 жылғы 1-ші  шілдеге дейінгі мерзімде, өзге жерлерде орналасқандар 2021 жылғы 1-ші қаңтарына дейінгі мерзімде жарғылық капитал бойынша талапқа сәйкес келтірілуі тиіс.

Төмендетілмейтін ақша қалдығын қамтамасыз етуге қатысты. Уәкілетті ұйым өзінің банк шоттарында немесе айырбастау пунктерінің қассасында теңгеде немесе шетел валютасында, сонымен бірге тазартылған құйма алтындағы жарғылық капиталының ең аз мөлшерінің сомасының жүз пайыздан кем емес ақшаның күнделікті болуын қамтамасыз етуі қажет.

Жұмыс режиміне қатысты. Банктік және банктік емес айырбастау пунктерінің, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ айырбастау пунктерінің жұмыс тәртібі сағат 9:00 мен 20:00 дейін шектеледі. Айырбастау пунктерінің темір жол вокзалдары, казино ғимараттарының ішінде, халықаралық әуежайлардың, аэровокзалдарының ішінде , сондай-ақ ҚР мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пунктерінің аумағында орналасуы бұл шектеуге кірмейді, яғни аталған жерлерде айырбастау пунктері тәулік бойы жұмыс істейтін болады. 1-ші санаттағы стационарлық сауда объектілерінің  /сауда алаңы 10 мың шаршы метрден астам/ ғимаратының айырбастау пунктері сағат 9:00-ден – 22:00- ге дейін жұмыс істейді. Бұл нормалар 2020 жылдың  1-ші ақпанынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Қаулыдағы клиенттердің деректерін оңайлатылған тіркеуге қатысты. 500 мың теңге баламасынан аспайтын сомаға айырбастау операцияларын жүргізу кезінде клиент жеке басын куәландыратын құжатты ғана ұсынады. Уәкілетті банктер және уәкілетті ұйымдар клиенттің тегін, аты және әкесінің атын, сәйкестендіру нөмірін тіркейді. Мұндай операциялар бойынша клиенттерге өзінің тұрғылықты мекенжайы және де басқа да жеке мәліметтерін ашудың қажеті жоқ.

ҚР ҰБ Шымкенттегі филиалы  Төреқұлов көшесі, 2   мекенжайда орналасқан.

Қабылдау бөлімі:  99-79-04.