Аәк құжатын әліпби кезегімен қабылдайды

177

Шымкент қаласында жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке құжат қабылдау 5 қаңтарда басталды. Осы орайда Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы өтініш қабылдау азаматтардың фамилиясындағы бірінші әріп кезегімен жүргізілетінін хабарлады. Демек, атаулы әлеуметітк көмек алуға өтініш білдіруші тегінің (фамилия) бірінші әріпі бойынша кезек түзіледі.

Өтініш білдіруші тегінің бірінші әріпі бойынша құжат қабылдау мерзімі былай бекітілген:
А, Ә – 5-6 қаңтар;
Б, В – 8-9 қаңтар;
Г, Ғ, Д – 10-13 қаңтар;
Е, Ё – 14-15 қаңтар;
Ж, З – 16-17 қаңтар;
И, Й – 20 қаңтар;
К, Қ – 21-22 қаңтар;
Л, М – 22-23 қаңтар;
Н, О, Ө – 27 қаңтар;
П, Р – 28 қаңтар;
С, Т – 29 қаңтар;
У, Ү, Ұ – 30 қаңтар;
Ф, Ц, Х, Ч, Ш, Щ, І, Ы, Э, Ю, Я – 31 қаңтар күндері.

Қажет құжаттар тізімі:
– Жеке куәлік және өтініш берушінің банктен жеке есепшоты;
– Отбасында 23 жастан аспаған студент бала болса, оқу орнынан анықтама;
– Некені бұзу туралы куәлік болған жағдайда, алимент туралы анықтама;
– Әке болып тану туралы (егер әкесі отбасымен бірге тұрмаса) куәлік болса, алимент туралы анықтама қажет.
Айта кетсек, мұның алдын Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев және министрліктің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев Шымкент қаласы және Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлеріне және аудан тұрғындарына атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) берудің жаңа ережелерін түсіндірген болатын.
Шымкент қаласы тұрғындарының алдында сөз сөйлеген Ержан Жалқыбаев 2019 жылы 12 желтоқсанда ҚР Парламентінің Сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдағанын еске салды.
– Заң көпбалалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізуді, АӘК көрсету тетіктерін жетілдіруді және табысы аз отбасынан шыққан балаларға кепілдік берілген әлеуметтік топтама енгізуді көздейді», – деді Жылқыбаев.
Сонымен, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері бар отбасыларға отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде: 4 балаға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
АӘК ұсынудың жаңа тәсілдері мыналарды көздейді: әр тоқсан сайын атаулы әлеуметтік көмек тағайындау; АӘК тағайындаудың қазіргі шекті критерийін сақтау – отбасының жан басына шаққандағы орташа табыс күнкөріс деңгейінің 70%-ынан кем болуы керек; отбасының барлық мүшелері үшін АӘК мөлшерін жан басына шаққандағы кірістер мен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық ретінде анықтау; еңбекке қабілетті азаматтарға қойылатын талаптарды күшейту, егер олар жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда, АӘК төлеу барлық отбасы үшін тоқтатылады; учаскелік комиссиялардың осы процестегі рөлінің күшеюімен отбасының материалдық жағдайына зерттеу жүргізу мерзімін 3 күннен 7 күнге дейін ұлғайту.
Кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну аясында 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасылардың балалары азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық заттарымен қамтамасыз етіледі, 6 жастан 18 жасқа дейін олар мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдары мен мектеп киімдерімен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ, мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек, оның ішінде стоматологиялық көмек ақысыз медициналық көмектің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың кепілдендірілген көлемі аясында көрсетіледі.
Сондай-ақ, министрліктің хабарлауынша, азаматтарға әлеуметтік-еңбек саласының қызметтері бойынша консультация беру үшін 1411 бірыңғай байланыс орталығы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылды. Ал 111 жедел қызметі байланыс орталығы жабылды.

«Оңтүстік Рабат», №1-2, 8 қаңтар 2020 ж