Елімізде 60 мыңға жуық отбасы кедейлік жағдайынан шыққан

42

Елімізде 60 мыңға жуық отбасы кедейлік жағдайынан шыққан. Тұрмысы жақсарған отбасылардың қатарында шымкенттіктер де аз емес. Мәселен үшінші мегаполисте атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 31,7 пайызға азайған. 

Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алған 3000-ға жуық отбасы кедейлік жағдайынан шыққан. Биыл жәрдемақы алатын отбасылар саны өткен жылмен салыстырғанда 31,7 пайызға азайған. Оған отбасы мүшелерінің мемлекет тарапынан ұсынылған уақытша және тұрақты жұмысқа орналасуы басты себеп дейді мамандар.

«2024 жылдың бірінші тоқсанында 6443 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғында 31,7 пайызға азайып отыр. Яғни, 2023 жылдың бірінші тоқсанында 9437 отбасыға АӘК тағайындалған. Бұл дегеніміз бір жылдың көлемінде 3 мың отбасының әл-ауқаты жақсарып, АӘК мұқтаж емес деп танылып отыр», — дейді «Еңбек мобильділігі» орталығы директорының м.у.а. Бағдат Архабаев.

Жалпы биыл АӘК алған 60 мыңға жуық қазақстандық отбасы кедейлік жағдайынан шықты. Бұл туралы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы жалпы сомасы 59,4 млрд теңгеге 114,1 мың отбасы АӘК алды. Ал осы жылдың үш айында – 7,8 млрд теңгеге 58,8 мың отбасыға жәрдемақы берілген.

Жанат Өтебаева, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға АӘК алушыларға берілетін бұрын азық-түлік түрінде берілетін. Бүгінгі таңда монетизацияланған. 2023 жылдың үш айымен салыстыратын болсақ, 8243 болған былтырғы жылы, биыл 5664 отбасы. Яғни, бұл да өз кезегінде 31 пайызға төмен түсіп отыр».

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, АӘК алушылардың ең көп саны – Түркістан облысында – 27 мың, одан кейін Шымкентте 12,7 мың отбасы тіркелген. Айта кетейік, АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлемдер түріндегі қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.