Атқарылған жұмыстар мен жоспарлар талқыланды

142

Бүгін «Түркістан, Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі өкілдері ақпараттық-коммуникациялық орталықта БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг ұйымдастырды.

Бірлестік төрағасы Берік Айдарбекұлы Бекжанов өткен жылда атқарылған жұмыстарды баяндап, тілшілерге ағымдағы жылдың еншісіндегі жоспарды таныстырды. Төрағаның айтуынша, аймақ бойынша кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен байланыста жұмыс жасайтын жалпы 2095 бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар.

Шымкент қаласы бойынша 422 бастауыш кәсіподақ ұйымында 34093 кәсіподақ мүшесі бар. Өңір бойынша жалпы кәсіподақтармен жаңадан 60 бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылып, оған 2335 мүше тартылған.

Кәсіподақтықтардың жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп жалақы қарыздарын өндіру бағытында да атқарған жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Үшжақты комиссиямен тиісті шаралар жүргізіліп, былтырғы жылы 10 мекеменің 1293 жұмыскер алдындағы 192,8 млн. теңге жалақы қарызы анықталды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 3 мекемеде жалақы қарызы толық өтелген және жалпы 179,0 млн. теңге жалақы қарызын өтеу нәтижесінде 1220 жұмыскерлердің еңбек құқықтары қорғалды.

Кәсіподақтықтар жуырда БАҚ-да көрініс тапқан «Shymkent Bus» ЖШС жұмысшыларының жалақы қарызын талап етуі бойынша жарияланған сыни материалға да бей-жай қарай алмады. Осыған байланысты кәсіподақ тарапынан анықтау жұмыстарын жүргізу барысында бұл мекемеде кәсіподақ ұйымы құрылмағаны және ұжымдық шарт жасалмағаны анықталды. Нәтижесінде «Shymkent-Bus» ЖШС мекемесінде «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бастамасымен бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылып, «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес салалық кәсіподағының Шымкент қаласы бойынша филиалының құрамына кірді.

Өндірістік жазатайым оқиғаларды азайтуда атқарылған шаруалар да аз емес. Өткен 2018 жылмен салыстырғанда жазатайым оқиға саны 18-ге, зардап шеккендер саны 22-ге, қайтыс болған адам саны – 5-ке, ауыр жарақат алған адам саны – 14-ке азайып отыр. Еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша 608 тексерулер өткізілген. Нәтижесінде 538 еңбек заңдылықтарын бұзушылық анықталып, ол ескертпелер толығымен түзетілген.

Кәсіподақ ұйымдары 78 еңбек дауын шешуге және 9 жазатайым оқиға орын алған жағдайларды зерттеуге қатысқан. Бірлестік төрағасы Берік Айдарбекұлы ұжымдық шарт жасасудың жағдайына да тоқталып өтті.

Төрағаның айтуынша, Шымкент қаласы бойынша былтыр жұмыс жасап тұрған жалпы 21661 кәсіпорынның 1063 (4,9%) кәсіпорында ұжымдық шарт жасалған, ал 20598 (95,1%) жекеменшік кәсіпорында ұжымдық шарттар жасалмаған. Өйткені оларда кәсіподақ ұйымдары атымен жоқ. Жасалған 1063 ұжымдық шарттың 238-і мерзімі өтуіне байланысты барлығы жаңа мерзімге ұзартылып жасалған, ал 178 ұжымдық шарт қайта жаңадан жасалған. Бірлестік жанынан құрылған татуласу орталығының жұмысы да көңіл қуантарлық. Орталықта жалпы 470 адамға көмек көрсетілген. Медиациялық процеспен дауларын шешуге келген азаматтар 282, оның барлығы бітімгершілікпен сәтті аяқталған.

Еңбеккердің құқын қорғап, мәртебесін ұлықтайтын кәсіподақтықтардың жұмыссыздықты да жүгендеуде де жұмысы жүйелі. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында, «Шымкент кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы оқу орталығында былтыр 100 жұмыссыз азамат 3 айлық, қысқа мерзімдік курста оқып шықты. Оның ішінде 50 адам «тігінші» мамандығында, 25 адам «жиһаз жинақтаушы» және 25 адам «электргаздәнекерлеуші» мамандықтары бойынша 3 ай бойы білім алды.

Бірлестік төрағасы БАҚ өкілдеріне кәсіподақтар орталығы жанындағы «ПРОФТУР» туристік орталығының жұмысы туралы да баяндап берді. Бүгінгі таңға кәсіподақ мүшелері мен өңір тұрғындарының қажеттілігіне сәйкес 14 шипажаймен агенттік келісім жасалды. Жұмыс беруші мен жұмысшының құқын қорғайтын еліміздегі ең ірі ұйымның ұжымы апаттан зардап шеккен Арыстықтарға көмек қолын созуда да алқаш болып азаматтық қоғам өкілдерінің арасынан суырылып шықты.

Шаһардың кіре берісіне құны 30,0 млн. теңгелік қала қақпасының құрылысын салып, пайдалануға берді. Жалпы құны 4,0 млн. теңгені құрайтын 40 адамға шипажайларға жолдамалар тапсырды. Кәсіподақтықтар апаттан зардап шеккен тұрғындардың азық-түлік, киім-кешектерін, төсек орындарын тіпті тазалық заттарына дейін түгендеп берді. Бірлестік жанынан құрылған «Келешек» жастар кеңесі де белсенділігін көрсетуде. Жастар кеңесі Шымкент қаласында жоғары және орта оқу орындары бойынша студенттермен бірігіп жұмыс жасап келеді.

Берік Айдарбекұлы кәсіпорындардың шетел жұмыс күштерін тартуы туралы да кеңінен мағлұмат берді. Шымкент қаласы бойынша былтырғы жылы жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін жұмысқа тартуға 2145 бірлік квота бөлінген. «Түркістан, Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы БАҚ өкілдерімен алда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың жоспарымен де бөлісті.