48 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр

27
фото Абай.кз

 

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында шағын және орта бизнес саны жыл жылжыған сайын артып келеді. Ауданда «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы табысты жүзеге асырылуда. Соңғы әлетте аудандағы әлеуметтік ахуалды жақасартуға, жұмыссыздықты жоюға кәсіпкерлер септесуде. Ауданда ірі кәсіпорындар да шағын кәсіпкерлік нысандары да көп.

Кәсіпкерлер қатары соңғы 3 жылда 60 пайызға көбейген. Биыл 6 айда кәсіпкерлік нысандарының саны 14 мыңнан асып, 27 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. 2023-2027 жылдары 18,5 миллиард теңгеге 48 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі жыл сайын артуда. Оған ауданда ашылған индустриалдық аймақтың үлесі мол. Онда жаңа ісін бастаймын деген кәсіпкерлерге барынша жағдай жасалуда. Салықтық жеңілдіктерден бастап, жерді жалға беруде де көптеген жеңілдіктер бар. Өңір кәсіпкерлеріне қолдау күшейтілуде.

Бүгінде Қазығұрт ауданына қарасты Қақпақ ауылдық округіндегі Қақпақ елді мекеніндегі «Ынтымақ» ӘКК» өндірістік кооперативінің су электр стансасы жоғарғы қарқынмен жұмыс істеуде. Жоба құны 700 миллион теңгені құрайтын өндіріс орнын кәсіпкер өз қаржысына салған. Биыл шілде айында іске қосылған стансада сағатына 1,4 МВт электр энергиясы өндіріледі. Ауқымды жоба аз қаражатқа салынбаған. Соған орай атқарып отырған жұмысы да ауқымды. Аталған кәсіпорында ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылған. Аудандағы экономикалық тұрғыда да, әлеуметтік жағынан да тигізер пайдасы мол жоба болып отыр. Кәсіпкер стансаны салу үшін ұзақ ізденгенін айтады. Табанды еңбек пен тындырымды тірліктің арқасында бүгінде аудан тұрғындарының әжетіне жарап отыр.

Бұдан өзге аудан аумағында ірі шаруашылықтар да жетерлік. Солардың бірі – Шарбұлақ ауылдық округінде орналасқан «Бірлік және Береке-Агро» өндірістік кооперативі. 2016 жылы құрылған шаруашылық бүгінде алып алма бағына айналған. Мұнда «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала», «Фуджи», «Грени Смит» атты алма түрлерін өсіретін қарқынды бауға айналған. Шағын ғана ауылда өсірілетін алмалар тек елімізге ғана емес шетелдерге де экспортталады. Заманауи әдіс тәсілдермен өсірілетіндіктен алмалар ұзақ сақтауға бейім. Дәмі тіл үйіретін алмаларға деген сұраныс та мол.

Күзгі жиын терім уақытында мұнда алмаларды тонналап алып кетеді. Әрі көктемге дейін сақтауға шыдас береді. Қарбалас кезеңде қосымша жұмыс күшін тартуға тура келеді. Алма бағы заманауи әдіс тәсілдермен суғарылып, құрт түспес үшін дәрілеу жұмыстары жүргізіледі. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Корпорация АҚ ордасы» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен қаржыландырылған жоба құны 2 миллиард 500 миллион теңгені құрайды. Көлемі 150 гектар суармалы жер, соның ішінде бау 120 гектарды құрайды.

Кооперативте негізінен жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусымдық жұмысшылар саны 200-ге дейін жетеді. Өндіріс орнында 24 техника бар. Алдағы уақытта алма бау көлемін арттыру көзделіп отыр. Соған орай техниканы да, жұмыс күшін де көбейту көзделіп отыр.