Байланған бала оқиғасының нүктесін сот қояды

128

«Жаман әкесін байлап баққандарды естігенбіз, Бірақ, баланың аузы мұрнын тұмшалап, қол-аяғын матап тастап баққанды бірінші рет көруіміз». Осындай бейнежазба әлеуметтік желіде пайда болды.

2 жасар баланың әкесі ұлын бірден байлаудан босатудың орнына, сұрақ қойып, шашылып жатқан үйін түсірумен әлек. Осы видеоны дәлел ретінде полицияға беріп, екі жыл бұрын ажырасып кеткен әйелінің үстінен арыз түсіріпті.

«Әйелім түнгі 3-те қоңырау шалып, ұлының ауырып қалғанын айтты. Мен бірден қандай дәрі — дәрмектерді әкелуді сұрадым, бірақ ол келудің қажеті жоқ-карточкаға ақша жіберсең болды дейді. Мен түні бойы ұйықтамадым, уайымдадым. Үйге келгенімде бар шындық ашылды. Менің туысым бірінші үйге өтіп, оның дауысын естідім. Бірден үйге шығып, байланған баланы көрдім. Мен алимент төлеп тұрдым. Мен өз балаларымды тастап кетпеймін» дейді әкесі.

Ал, бейнежазбада үйден кетуді талап етіп тұрған қыз — балалардың анасының сіңлісі екен. Ол, сол күні болған оқиғаны еске ала отырып, қорқынышы әлі басылмағанын айтады. Өйткені бұл бейнежазба қолдан ұйымдастырылған дейді.

Төрт жыл бірге азаматтық некеде болған екеудің 5 және 2 жастағы қызы мен ұлы бар. Ал ажырасқаннан кейінгі дау балаларға әкесінің ұзақ уақыт алимент төлемеуінен басталыпты. Бүлдіршінді байлап тастаған анасы ма, жоқ әлде оған қарсы әдейі істелген нәрсе ме, қазір сол жағы анықталып жатыр.

Бұл істің нүктесін сот қояды, себебі әкесі де, анасы да райынан қайтпақ емес. Ең бастысы, бұл күресте ортадағы балалары зардап шекпесе игі.

Нұрлан Сұлтанбек